Accessibility links

Әліпбидің жұртты "жеңілдеткен" жаңа нұсқасы


Қазақстан президентінің 2018 жылғы 19 ақпандағы жарлығымен бекітілген қазақ әліпбиінің латын графикасындағы жаңа нұсқасы

Батыс басылымдары қазақ әліпбиінің латын графикасындағы жаңа нұсқасына қатысты комментарийлер жариялаған. Бұдан бөлек, баспасөз Қазақстан ұлттық қорының активтерін бұғаттау ісі әлемде "прецедентке" айналуы мүмкін деп жазады.

ТАҒЫ БІР ЖАҢА ӘЛІПБИ

Осы аптада Батыстың бірнеше басылымы 20 ақпанда жарияланған қазақ әліпбиінің латын графикасындағы жаңа нұсқасына қатысты комментарийлер жариялаған әрі әліпбидің алдыңғы нұсқасын "сиықсыз" деп атаған.

Ұлыбританиялық The Times газеті "Апострофтың апаты" деген мақаласында "апострофтар сиықсыз болатын. Оларды қалдырса, клавиатураны көп рет қосымша басуға тура келіп, ал кей сөздер екі есе ұзарып кетер еді. Жұрт оларды қолданып көріп, мүлде жақтырған жоқ әрі әжуаға айналдырды" деп жазған.

Ел басшысының мұндай танымалдығы оған күрделі реформалар жүргізуге мүмкіндік береді. Президент Назарбаев былтыр күзде кириллицадан бас тартып, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы шешім қабылдаған

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Совет одағы тұсында коммунист болған", ал ол күйрегеннен кейін жаңа ұлтының "әкесіне" айналды. 2015 жылы ол 98 пайыз дауыс жинап, қайта сайланды. Ел басшысының мұндай танымалдығы оған күрделі реформалар жүргізуге мүмкіндік береді. Президент Назарбаев былтыр күзде кириллицадан бас тартып, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы шешім қабылдаған. 1928 жылы Кемал Ататүрік Түркия үшін лезде шешім қабылдағаны сияқты 2025 жылға қарай Қазақстан қазіргі әлемге қосылады, - деп жазған The Times.

Бірақ Ұлыбританиямен салыстырған мақала авторының жазуынша, егер премьер-министр Тереза Мей бір күні парламентте "бес жылдан кейін британ басылымдарының барлығы, мектептегі бүкіл сабақтар, жол белгілерінің бәрі грек әліпбиінде жазылатын болады" деп жарияласа, мұның арты "аласапыранға ұласар еді".

The Times басылымы "Соңғы айлар ішінде Қазақстан президенті "ұсқынсыз" әліпбиді екінше мәрте өзгертті" деген тағы бір мақаласында әліпбидің латын қарпінде бекітілген жаңа нұсқасына қатысты "Бұл жолғы енгізілген ең басты өзгеріс – қазақ тіліне тән дыбыстарды белгілеуде пайдаланылатын апострофтарды алып тастап, оларды әріптердің төбесіне қойылатын диакриттік таңбаларға ауыстырды. Апострофтарды қазақстандықтар мүлде жақтырмаған болатын, өйткені оларды теру үшін клавиатураны саусақпен қосымша басуға тура келеді әрі өздері сиықсыз көрінген" деген комментарий жариялаған.

Ағылшын тілінде шығатын EurasiaNet сайты "Қазақстан әліпбиін ауыстырып жатыр. Қайтадан!" деген мақаласында әліпбидің алдыңғы нұсқасы қалай енгізілгенін жан-жақты сипаттап, жаңа нұсқаның "тағы да халықпен ақылдаспай" жарияланғанына назар аударған. "Бұл нұсқасында жұрт әбден әжуа қылған апострофтарды лақтырып тастап, олардың орнын кейбір негізгі әріптердің төбесіне қойылатын акуттар басты. 20 ақпанда әліпбиді өзгерту туралы жарлыққа президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамға ескертпей қол қоюы алдыңғы нұсқасын жұрттың жаппай мысқылдауына жауап болғаны анық. […] Назарбаев ұстанымын әдеттегідей қоғаммен ақылдаспай өзгерткенімен, адамдардың реакциясын "жеңілдеп қалды" деген сөз тіркесімен сипаттауға болатын сияқты" деп жазған EurasiaNet.

Қазақ тілінің латын графикасындағы әліпбиінің апострофты нұсқасы
Қазақ тілінің латын графикасындағы әліпбиінің апострофты нұсқасы

BBC жаңалықтар сайты Азаттыққа сілтеме жасаған "Қазақстан әліпбиін тағы өзгертіп жатыр" деген мақаласында жазуынша, кей қалаларда жаңа әліпби үлгісінде жазылып қойған тақтайшаларды енді қайта ауыстыруға тура келеді.

Америкалық Newsweek журналы "Бұл ел Сталин күшпен таңып, 80 жыл [пайдаланған] әліпбиін өзгертіп жатыр" деген мақаласында өткен ғасырдағы Қазақстанда пайдаланылған әліпби түрлеріне тарихи шолу жасаған. "Сталин тұсында енгізілген әліпбиді пайдалануды тоқтатуға тырысқан әрекеті өз режимінің негізгі әріптесі Ресейге қарсы бағытталған әрекет емес дегенді Назарбаев талай мәлімдеген" деп жазған Newsweek.

ҰЛТТЫҚ ҚОРЛАР ҮШІН ПРЕЦЕДЕНТКЕ АЙНАЛА МА?

Ұлыбританиялық Reuters ақпараттық агенттігінің сайты "Қазақстандық миллиардтардың бұғатталуы [өзге елдердің] ұлттық қорларын алаңдатып отыр" деген мақаласында Қазақстан ұлттық қорының бірнеше елдегі қаржысын бұғаттауға ұласқан молдовалық бизнесмен Анатол (Анатолий) Статидің ісіне қатысты оқиғаларды талдаған.

Анатол Стати. "Молдавские ведомости" сайтындағы фото
Анатол Стати. "Молдавские ведомости" сайтындағы фото

Қазақстан билігі Стокгольм сауда палатасының әуелгі арбитраждық шешімі жалған ақпарат негізінде шығарылған деген уәжбен бұл шешімге шағымданатынын мәлімдеген болатын. Содан бері арбитраждық шешімді орындау туралы Голландия сотының шешімінің күші жойылды, Бельгия сотындағы тыңдау 27 сәуірге белгіленген, ал Люксембург пен Швецияда Қазақстанның мүлкі әзірше бұғаттаулы тұр. 2017 жылғы маусымда Ұлыбританияның жоғарғы соты әуелгі арбитраждық шешімді шығартуға "алаяқтық жолмен қол жетуі мүмкін" екенін мойындаған.

"Бельгия, Нидерланд, Швеция және Люксембургтегі активтерді бұғаттау туралы сот шешімдері [әлемде] маңызды шешімдер саналады, өйткені олар ұлттық қорларды мемлекеттердің немесе тәуелсіз институционалды инвесторлардың инвестициялық қаруы ретінде қарастыру жөн бе, әлде жоқ па деген мәселені қарастырады" деп жазған Reuters.

Қазақстан ісі инвесторларды қорғау тәжірибесі нашар елдер үшін алаңдайтын жайт болуы тиіс, өйткені бұл наразы инвесторларды ұлттық қорлар [шетелдегі] активтеріне көз тігуге итермелеуі мүмкін

"Қазақстан есеп-шоттарын бұғаттан босата ала ма, жоқ па – белгісіз, бірақ бұған қарамастан, бақылаушылар жылжымайтын мүліктен бастап акциялар мен мемлекеттік облигацияларда жеті триллион доллары жатқан [өзге елдердің] ұлттық қорлары үшін бұл іс сабақ болуы тиіс деп санайды. Сарапшылардың айтуынша, инвесторлар мен үкімет арасындағы даулар әділ әрі тәуелсіз ұлттық соттар арқылы шешілуі әбден мүмкін Норвегия тәрізді елдерде ұлттық қордың болашағына уайымдауға себеп жоқ. Бірақ Қазақстан ісі инвесторларды қорғау тәжірибесі нашар елдер үшін алаңдайтын жайт болуы тиіс, өйткені бұл наразы инвесторларды ұлттық қорлардың [шетелдегі] активтеріне көз тігуге итермелеуі мүмкін" деп жазған Reuters.

ПХЕНЧХАН ОЛИМПИАДАСЫНДАҒЫ ЖАНКҮЙЕРЛЕР

Америкалық New York Times газеті "Алға, Қазақстан! Алға, Жапония! Мәнерлеп сырғанау жанкүйерлері үшін қай елдің туы екені маңызды емес" деген мақаласында жапон жанкүйерлерінің арасында байқалған бір мезгілде бірнеше елдің спортшыларын қолдап, қошеметтеу тенденциясына қатысты комментарий жазған. "АҚШ пен Еуропаның көп бөлігінде спорттың бұл түрінің танымалдығы кеміп барады, ал Азияда артып келеді. Мәнерлеп сырғанау спортына құмар жандар қатарына жататын жапон жанкүйерлерінің спортшыларды ту бұлғап, эгалитарлы (алаламай бірдей көру дегенді білдіреді – Азаттық.) қолдауы айрықша ерекшеленді. Әр спортшы аз да болса қолдау сезінуі үшін олар жарыстарға бірнеше елдің туын ұстап келіп жүр" деп жазған New York Times.

Әр спортшы аз да болса қолдау сезінуі үшін олар жарыстарға бірнеше елдің туын ұстап келіп жүр

Бұған қоса, мақалада қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы қыздар өнер көрсетіп жатқан кезде оларды 70-тен көп адамнан тұратын жанкүйерлер тобы Қазақстан туын бұлғап қолдағанын сипаттаған. Олар Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінің павильонын жобалауға тапсырыс алған Сеулде орналасқан оңтүстіккореялық Sigong Tech компаниясының қызметкерлері болып шықты. Олардың сөзінше, олимпиадалық жарыстарда Қазақстанға қолдау танытуды ұйғарған, "өйткені бірнеше адам Қазақстанды біледі, сондықтан олар [қазақстандық спортшыларға] қолдауын білдіргісі келген".

Америкалық Wall Street Journal басылымы "Пхенчхан олимпиадасындағы ең жұмысбасты бапкер – мәнерлеп сырғанаудан жаттықтырушы Брайан Орсермен таныс болыңыздар" деген мақаласында қол астында қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева та жаттығатын бапкер туралы жазған. "Олимпиадаға бес елден бес шәкірті қатысып жатқан әрі өзі де 1984 және 1988 жылғы күміс жүлдегер Орсер[Брайан] - [Пхёнчхандағы] ең жұмысбасты жаттықтырушы. Одан кейінгі орында – Ресейде туған, Мичиган штатының Нови қаласында тұратын жаттықтырушы Игорь Шпильбанд. Ол биылғы олимпиадада жүлдеге таласатын чехиялық, украиналық, ұлыбританиялық, америкалық және оңтүстіккореялық жұптардың жаттықтырушысы" деп жазған Wall Street Journal.

Пхенчхан олимпиадасында Элизабет Тұрсынбаева 12-орын алды. Төрешілер оның өнерін еркін бағдарламада 118,3 ұпай, ал қысқа бағдарламада - 58,82 ұпай беріп бағалады. Жарыстан кейін ол тақымындағы жарақат кесірінен бұл жолғы жарыста қатты қиналғанын айтты.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG