АҚШ бас прокуроры Джефф Сешнс Федералдық тергеу бюросы (ФБР) директорының орынбасары Эндрю Маккейбті зейнетке шығуына екі күн қалғанда қызметінен босатты.
Сешнстің сөзінше, жүргізілген тексерулер нәтижесінде Маккейбтің "бірнеше рет ақпарат құралдарына деректер жариялағаны және жалған куәлік бергені" анықталған соң жұмыстан босату туралы шешім қабылдаған.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Маккейбті 2016 жылғы Америкадағы сайлауға Ресейдің ықтимал араласуына қатысты және президенттікке кандидат Хиллари Клинтонның мемлекеттік хатшы болып тұрғанда қызмет хаттарын жеке электронды пошта жәшігінен жолдағанына байланысты жүргізілген тексерулер барысында "біржақты" көзқараста болды деп сынаған.
АҚШ Федералдық тергеу бюросында 20 жылдан астам уақыт істеген Эндрю Маккейбтің өзі қызметінен алынуын "Ресей мен Хиллари Клинтонға қатысты ұстанымы Ақ үйге жақпай қалғандығымен" түсіндіреді.
"Джеймс Коми (ФБР экс-директоры - Азаттық) қызметтен кеткеннен кейін өзім куә болған оқиғалар мен іс-әрекеттеріме байланысты жұмыстан босатты", - деген ол мәлімдемесінде.
Өткен жылы мамырда президент Трамп бұрынғы мемлекеттік хатшы әрі 2016 жылғы президент сайлауында бәсекелесі болған Хиллари Клинтонға қатысты істің тергеуін доғарған ФБР директоры Джеймс Комиді жұмыстан босатқан. Комидің орнына директор міндетін уақытша атқарушы болып тамызға дейін істеген Эндрю Маккейб былтыр 11 мамырда сенаттың барлау істері жөніндегі комитетінде сөйлеген сөзінде президент Трамптың "Джеймс Коми Вашингтонның сенімінен айырылды" деген сөзін "мүлдем дұрыс емес" деп атаған.