Accessibility links

БАҚ: полицияны Лондондағы ресейліктер қауіпсіздігі алаңдатады


Лондон қаласының көрінісі
Лондон қаласының көрінісі

Ұлыбританияда ресейлік барлау қызметінің бұрынғы офицері Сергей Скрипальға жасалған қастандық және Борис Березовскийдің бұрынғы бизнес-әріптесі Николай Глушковты өлтіру оқиғаларынан кейін британ полициясын осы елде тұрып жатқан кей ресейлік азаматтардың қауіпсіздігі алаңдатып отыр.

ВВС-дің хабарлауынша, полиция өкілдері Ұлыбританиядан баспана алған бірқатар ресейлік азаматтармен сөйлесіп, олардың қауіпсіздік мәселесін талқылаған. Бірақ полицияның нақты кімдермен сөйлескені әзірше белгісіз қалып отыр. Березовскийдің бұрынғы күйеу баласы Егор Шуппе Глушковтың қазасынан кейін полициямен сөйлескенін ВВС-ге растаған.

Лондонда ЮКОС компаниясының бұрынғы басшысы Михаил Ходорковский, Кремльді сынап жүрген кәсіпкер Евгений Чичваркин, шешен сепаратистері жетекшілерінің бірі Ахмед Закаев тұрады.

Тергеушілер Скрипальға қастандық ұйымдастырушылар "Новичок" деп аталатын жүйкені жансыздандыратын зат қолданған деген болжам айтады. Ресми Лондон Солсбериде наурыздың 4-і күні ресейлік барлау қызметінің бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен қызы Юлияны уландыруды Ресейден көреді. Мәскеу оны жоққа шығарады.

Соңғы күндері Ұлыбритания мен Ресейдің арасы нашарлап кетті, екі елдің әрбірі қарсы тараптың 23 дипломатын өз жерінен шығаратыны туралы мәлімдеді. Ұлыбритания сыртқы істер министрі Борис Джонсон елдегі билік "русофобияға" жол бермейтіні, бірақ Лондонда тұрып жатқан және Кремльге қандай да бір қатысы бар Ресей азаматтарының байлығы қалай пайда болғанына тексеру жүргізе алатыны туралы мәлімдеген.

Николай Глушковтың мүрдесін зерттеген мамандар "буындырып өлтірілген" деген ұйғарым жасаған, бірақ оның қазасына кімнің қатысы болуы мүмкін екені туралы әзірше ешқандай дерек жоқ. Сонымен бірге полиция Скрипальға жасалған қастандық пен Глушковты өлтіру оқиғаларын өзара байланыстыруға әзірше негіз жоғын айтады.

XS
SM
MD
LG