Accessibility links

Борис Джонсон Путинді Гитлермен салыстырды


Ұлыбритания сыртқы істер министрі Борис Джонсон парламентте сөйлеп тұр. Лондон, 21 наурыз 2018 жыл
Ұлыбритания сыртқы істер министрі Борис Джонсон парламентте сөйлеп тұр. Лондон, 21 наурыз 2018 жыл

Ұлыбритания сыртқы істер министрі Борис Джонсон Ресей президенті Владимир Путинді нацистік Германия көсемі болған Адольф Гитлермен салыстырды. Оның айтуынша, Гитлер 1936 жылғы Берлин олимпиадасын нацистік Германияны дәріптеуге қалай пайдаланса, Путин футболдан әлем чемпионатын дәл солай пайдалануға ұмтылып отыр. Джонсон бұл туралы Ресейдегі футбол жарысына Ұлыбританияның қатысу мәселесі талқыланған парламент отырысында мәлімдеген.

Өз сөзінде Джонсон Путиннің агрессияшыл пиғыл танытып, халықаралық әріптестерінің пікірімен санаспай отырғаны туралы айтқан. Министрдің сөзінше, Лондон Мәскеуден британдық жанкүйерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап еткен. Сонымен бірге, Ұлыбритания билігі өз азаматтарына Ресейге бармай-ақ қою жайлы белсенді түрде ескертіп жатыр деген Джонсон.

Ол биылғы әлем чемпионаты кезінде футбол жанкүйерлерінің қауіпсіздігіне жауапты Біріккен Корольдік өкілін Мәскеу Ұлыбританияның 23 ресейлік дипломатты шығаруына жауап ретінде Ресейден шығарып жібергені туралы хабарлаған.

Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Джонсонның әлгіндей теңеуі "ешқандай қабылдауға келмейтін және еуропалық мемлекеттің дипломатиялық мекемесі басшысына лайық емес" деген пікір білдірді.

Лондон мен Мәскеудің арасы наурыздың 4-і күні Ұлыбританияның Солсбери қаласында Ресей бас барлау басқармасының (ГРУ) бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен қызы Юлия уланып қалғаннан кейін ушығып кеткен. Ұлыбритания билігі әкелі-балалы Скрипальдарды кезінде СССР-да жасалған "Новичок" деген жүйкені жансыздандыратын затпен уландырған деп санайды. Ресей бұл оқиғаға қатысы жоғын мәлімдеген.

"Скрипаль ісі" саяси жанжалға ұласып, Лондон Ресейдің 23 дипломатын Ұлыбританиядан шығарып жіберген. Мәскеу бұған жауап ретінде британдық 23 дипломатты Ресейден шығарып, Британ кеңесі бейсаяси ұйымының Ресейдегі өкілдігін жабу туралы шешім қабылдаған.

XS
SM
MD
LG