Accessibility links

Трамп Джон Болтонды өзіне кеңесші етіп тағайындады


Джон Болтон
Джон Болтон

АҚШ президенті Дональд Трамп осы елдің БҰҰ-дағы бұрынғы елшісі Джон Болтонды өзіне ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесші етіп тағайындады. Трамп бұл туралы шешімін бейсенбіде жариялаған. Болтон сәуірдің 9-ынан бастап қызметіне кіріспек.

Twitter әлеуметтік желісіндегі жазбасында Трапм осы кезге дейін ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесші қызметін атқарып келген генерал Герберт Макмастерге "тамаша жұмысы" үшін алғысын білдірген.

Генерал Макмастер бұл қызметке 2017 жылғы ақпанда отставкаға кетуге мәжбүр болған Майкл Флиннің орнына тағайындалған болатын.

Соңғы кездер "Макмастер қызметінен кетеді екен" деген сыбыс тарай бастаған. АҚШ президенті мен оның ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісінің арасында қайшылық бары мәлім болатын. Ақпан айында ресейлік 13 азаматқа 2016 жылғы АҚШ президенті сайлауына араласқан деген айып тағылғаннан кейін Макмастер көпшілікке "бұлтартпас дәлел" бары туралы мәлімдеген. Трамп болса Макмастер Ресейдің іс-әрекеттері АҚШ президенті сайлауының нәтижесіне әсер ете алмағаны туралы айтуды ұмытты деп, кеңесшісін сөккен.

Консерваторлық көзқарасымен танылған Джон Болтон 2016 жылғы желтоқсанда сол кездегі президент Барак Обаманың әкімшілігін "Америка сайлауына араласқаны үшін Мәскеуге берген жауабы әлсіз болды" деп сынаған. Ол Ресейдің іс-әрекетін "конституциялық жүйемізге қарсы жасалған шабуыл" деп атаған.

Наурыздың 15-і күні Foxnews телеарнасына берген сұхбатында Джон Болтон Солсберидегі қастандыққа "өте қатаң жауап" қайтару керек деп мәлімдеген. "Егер мұндай іс-әрекет қайталанатын болса, оның зауалы анағұрлым үлкен болатынын Владимир Путинге ұғындыру қажет" деген ол.

Наурыздың 4-і күні Ұлыбританияның Солсбери қаласында Ресей бас барлау басқармасының (ГРУ) бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен қызы Юлия уланып қалған. Тергеушілердің болжамынша, оларды кезінде СССР-да жасалған "Новичок" деген жүйкені жансыздандыратын затпен уландырған. Лондон бұның артында Мәскеу тұр деп санайды. Ресей уландыру оқиғасына қатысы жоғын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG