Accessibility links

Швейцария зертханасы Скрипаль ісі жайлы түсініктеме берді


Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның Голландиядағы штаб-пәтері
Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның Голландиядағы штаб-пәтері

Швейцарияның Шпиц қаласындағы химиялық зертхана Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың Ұлыбританиядағы Солсбери қаласында әкелі-балалы Сергей және Юлия Скрипальдардың "Батыс елдерінде бар BZ затынан уланғанын осы мекеменің анықтағаны" туралы айтқанын растаған жоқ.

Twitter-дегі аккаунтында швейцариялық зертхана министр Лавровтың сөзіне реакция ретінде бірнеше жазба жариялаған. Мысалы, онда зертхана өз бетінше комментарий бере алмайтыны, барлық комментарийді Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым беруі тиіс екені айтылған. Бұған қоса Портон-Даундағы британ зертханасы осыған дейін уландырғыш зат "Новичок" деп аталатын улы заттар класына жататынын анықтағаны айтылған.


Бұған дейін Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым Скрипальдарды улау оқиғасы туралы жақында жариялаған есебінде швейцариялық зертхана қорытындысын неге келтірмеген деп түсінбестік танытқан. Бірақ Лавровтың Шпицтегі зертхананың пікірі өзгеше деген кезде нақты қандай ақпаратқа сүйенгені беймәлім.

Баяндамада Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымы сарапшылары Скрипальдар уланған заттың химиялық құрамы жөнінде британ тарабының қорытындысымен келісетіні айтылған. Ұлыбритания бұл – "Новичок" атты жүйкені жансыздандыратын зат деген байлам жасап отыр. Удың қайдан шыққанын мамандар тап басып айта алмаған, бірақ Ұлыбритания билігі "Новичокты" жасап шығару мақсатын көздеген тәжірибелер СССР кезінде жасалып, кейін ол Ресейде жалғасқан дейді.

Биыл 4 наурызда Солсбери қаласының орталығында улы заттан қатты зардап шегіп, ес-түссіз халде табылған әкелі-балалы Скрипальдар кейін ауруханада өз-өзіне келген.

Британ үкіметі Ресей барлау қызметінің бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияны улауға Мәскеу жауапты деп санайды. Ресей өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады. Лондон "Скрипаль ісін" тергеу аясында ресейлік 23 дипломатты елден шығарған. 20 шақты мемлекет Ұлыбританияға қолдау көрсетіп, жиыны 100-ден астам ресейлік дипломатты еліне қайтарған.

XS
SM
MD
LG