Accessibility links

Сағынтаев Армения премьер-министрі міндетін атқарушысымен сөйлесті


Карен Карапетян, Армения премьер-министрінің міндетін атқарушы.
Карен Карапетян, Армения премьер-министрінің міндетін атқарушы.

Армения премьер-министрінің міндетін атқарушы Карен Карапетян Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевпен телефонмен сөйлесіп, екіжақты қарым-қатынас және Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) аясындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады деп хабарлады Армения үкіметінің баспасөз қызметі. Армения үкіметінің хабарлауынша, 24 сәуір күнгі телефонмен сөйлесуді Қазақстан жағы ұсынған.

Екі жақты әңгімеде сонымен қатар Армениядағы оқиғалар да талқыланған. "Бақытжан Сағынтаев ынтымақтас армян халқына қолдау білдірді" деп хабарлайды Армения үкіметінің баспасөз қызметі.

Қазақстан премьер-министрінің ресми сайты Бақытжан Сағынтаевтың Карен Карапетянмен сөйлескені туралы әзірге хабарламады.

24 сәуірде Карен Карапетян Беларусь премьер-министрі Андрей Кобяковпен де телефонмен сөйлескен.

Карапетян мен Кобяков Армения-Беларусь қарым-қатынасын екіжақты және көпжақты форматта дамыту келешегін талқылаған. Олар Армениядағы жағдайды да талқылап, Кобяков армян халқын қолдайтынын білдірген.

Оқи отырыңыз: Лукашенко Армения толқуы жайында: "Бізді бір-бірлеп кетірмек"

23 сәуірде Армения премьер-министрі Серж Саргсян отставкаға кеткен. Ол оппозиция 11 күн өзіне қарсы шеру өткізген соң осындай шешім қабылдаған. Армения үкіметі Саргсян отставкаға кеткен соң премьер-министр міндетін оның орынбасары Карен Карапетян атқаратынын жариялаған. Саргсяннің одақтасы Карапетян 2016 жылдың 13 қыркүйегінен 2018 жылдың 9 сәуіріне дейін Армения премьер-министрі қызметін атқарған.

Мәскеу бастаған ЕАЭО-ға Ресейден өзге Армения, Беларусь, Қазақстан және Қырғызстан мүше.

XS
SM
MD
LG