Accessibility links

Түркия премьері Армениямен қатынас жайлы пікірін айтты


Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырым.
Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырым.

Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырым жұма күні журналистер сұрағына жауабында Арменияның жаңадан сайланған үкімет жетекшісі Никол Пашинянның Ереванның Анкарамен дипломатиялық қатынас орнатуға байланысты пікір білдірді.

"Әрине, егер Арменияның көп жылдан бергі Түркияға қатысты жаулық ұстанымын, өзінің территориялық тұтастығы мен шекарасы туралы жаңсақ көзқарасын өзгертіп, жаңа бет бастағысы келсе, біз оны еліміздің мүддесін ескере отырып қарастыратын боламыз және қажетті жауабын айтамыз. Біз ешкіммен, әсіресе көршілерімізбен араз болғымыз келмейді", - деген Йылдырым.


Арменияда бірнеше аптаға жалғасқан халық наразылығының лидері Никол Пашинян премьер-министр болып сайланған күннің ертесінде, мамырдың 9-ы күні сепаратистік Таулы Қарабақ орталығы Степанакертке барған кезде Арменияның Түркиямен қарым-қатынасын "ешқандай алғышартсыз" реттеуге дайын екені туралы мәлімдеген.

"Бұл мәселе бойынша Түркияның қойып отырған алғышарты қисынға келмейді, себебі, екі ел арасында байланыс орнатуға үшінші елмен (Әзербайжанды меңзегені – ред.) қатынасы алғышарт бола алмайды", - деген Пашинян.

Ол сонымен бірге "2015 жылғы Осман империясы тұсындағы армян халқының геноцидін халықаралық деңгейде тану мәселесіне қатысты ұстанымында қалатын" Арменияның Түркиямен ешқандай алғышартсыз дипломатиялық байланыс орнатуға әзір екені туралы айтқан.

20-ғасырдың басында Осман империясы кезінде қазіргі Түркия территориясында армяндардың жаппай қырылуын Армения мен әлемде бірқатар елдер "геноцид" деп бағалайды. Мұнымен келіспейтін Анкара "армяндар жоспарлы түрде емес, азаматтық соғыстың салдарынан құрбан болған" деген уәж айтады.

Әзербайжан мен Армения арасында 1990 жылдардың басында сепаратистік Таулы Қарабақ аймағына қатысты жанжал болып, 1994 жылы тараптар бітім жасасқан. Таулы Қарабаққа қатысты қарулы жанжал салдарынан 30 мыңға тарта адам қаза тауып, жүздеген мың адам босқынға айналған. Түркия Әзербайжанның территориялық тұтастығы сақталуы тиіс деп санайды.

XS
SM
MD
LG