Accessibility links

Мирзияев Пентагон басшысымен кездесті


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео қол алысып тұр. 17 мамыр 2018 жыл
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео қол алысып тұр. 17 мамыр 2018 жыл

АҚШ-қа ресми сапармен барған Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео, қорғаныс министрі Джеймс Мэттиспен кездесті.

Мэттис кездесу барысында Мирзяевқа Ауғанстанда НАТО операциясын қолдағаны үшін сонымен бірге елдің аймақтағы көршілеріне “ұйымшыл” көзқарасы үшін алғыс айтқан.

Мэттис аймақтағы қауіпсіздік саласында “Өзбекстан мен НАТО-ның ортақ мүдделері бар” деп атап көрсеткен.

“Біз Өзбекстанмен терроризммен күрес және шекара қауіпсіздігі саласында тығыз әріптестік орнатпақшымыз” деді Пентагон басшысы.

Оның сөзінше, Вашингтон мен Ташкент стратегиялық әріптестіктің “жаңа позитивті кезеңіне жылжып барады”.

Мамырдың 16-сы күні екі ел арасында жасалған “стратегиялық әріптестіктің жаңа дәуірі” атты мәлімдемеде АҚШ президенті Дональд Трамп Мирзияев ел билігіне келгелі бері “Өзбекстанның маңызды саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар жасау бойынша өте үлкен жетістіктерін мойындайды” деп көрсеткен еді.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Ақ үйге сапарын қорытындылау жиынында Өзбекстанның адам құқығы бойынша осы уақытқа дейін қол жеткен жетістіктерінде “шегіну” болмайды деп мәлімдеді.

“Стратегиялық әріптестіктің жаңа дәуірі” атты мәлімдемеде Мирзияевта “бес жылдық стратегиялық әрекет ету” жоспары бар екені, оның елді “ойдағыдай басқаруға, сот реформасы және заң үстемдігі, экономикалық либерализация, әлеуметтік даму мен сыртқы саясаттың ашық әрі конструктивті болуына жағдай жасайтыны” баяндалған.

Екі ел басшылары сонымен бірге терроризммен күрес және бейбітшілікті қамтамасыз ету, Ауғанстанның тұрақтылығы мен экономикалық дамуы бойынша байланыстарды дамытуға келіскен.

Мирзияев кездесу барысында Трамптың Ауғанстанға қатысты жаңа стратегиясын толық қолдайтынын айтқан.

Мирзияев Өзбекстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуға талпынатынын айтқан кезде Трамп АҚШ-тың техникалық көмек көрсететуге дайын екенін де жеткізген. Екі тараптың кездесуі барысында білім саласында да екіжақты келісімдерге қол қойылған.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтың АҚШ-қа ресми сапары 16 мамырда басталды. Сапар барысында екі ел арасында құны 4 миллиард доллар болатын келісім-шарттарға қол қойылады деп хабарланды.

Шавкат Мирзияев 2002 жылдан бері АҚШ-қа ресми сапар жасаған алғашқы өзбек президенті.


XS
SM
MD
LG