Accessibility links

Шымкентте полиция көшеден бірнеше адамды ұстаған


Полициядан өздерін көшеден ұстаған жерге қайта апаруды талап еткен әйелдер көлікке отырып жатыр. Шымкент, 23 маусым 2018 жыл.
Полициядан өздерін көшеден ұстаған жерге қайта апаруды талап еткен әйелдер көлікке отырып жатыр. Шымкент, 23 маусым 2018 жыл.

Қазақстанның оңтүстігіндегі Шымкент қаласында сенбі күні жиырмаға жуық адамды көшеден ұстап алып, полиция бөліміне апарған. Ұсталғандардың Азаттыққа хабарлауынша, билік өкілдері оларды Тәуке xан даңғылында орналасқан қала әкімдігі ғимараты маңынан ұстап, Әл-Фараби аудандық ішкі істер бөліміне жеткізген.

Азаттық тілшісі аудандық ішкі істер бөліміне келген кезде полиция қызметкерлері осыдан біраз уақыт ұстаған алты әйелді көлікке отырғызып жатқанын байқады.

"Көшеде өз жөнімізбен кетіп бара жатқан жерімізден ұстап алып, бізді полиция бөліміне әкелді, мұнда не үшін әкелгенін білмейміз. Бізді ұстаған жерге қайта апарыңдар деп талап қойдық", - деді олар Азаттық тілшісіне. Полиция ол әйелдерді көлігіне отырғызып, алып кетті.


Азаттық тілшісі телефонмен хабарласқан жергілікті азаматтық белсенді Жаңабек Әбішев сағат 15:00 кезінде қалалық әкімдіктің жанында орналасқан М.Әуезов атындағы мемлекеттік университет қасынан ұсталғаннан бері екі сағат бойы полиция бөлімінде отырғанын айтты.

"Мұнда шамамен отыз шақты адам отырмыз, жауап алып жатыр. Бірнеше әйелді жаңа шығарды. Қазір саусақ іздерін алып жатыр. Менімен бірге азаматтық белсенді Шаруа Пірмат, Жарқынбек Сейтінбет, Нұржан Мұxаммедов бар", - деді ол.

Полиция қызметкерлері сенбі күні қанша адам, не үшін ұсталғанын сұраған Азаттық тілшісіне ақпарат беруден бас тартты.

Бүгін Алматы мен Астана қалаларында жұрт көп жүретін орындарда ешқандай ұран айтпай я қандай да бір зат ұстамай жиналғандардың арасынан ондаған адамды полиция ұстап алып кеткен.

Оқи отырыңыз: Көшедегі жұртты полиция ұстаған күн

Бұған дейін Қазақстанда сот үкімі бойынша "экстремистік ұйым" деп танылып, қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жұртты маусымның 23-і күні елде "білім беру тегін болсын" деген талаппен митингіге шығуға шақырған. Қозғалысты 2009 жылдан бері шетелде тұратын экс-банкир, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынап жүрген қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов басқарады. Осы аптада Қазақстанда прокуратура органдары рұқсат берілмеген акцияларға қатысқаны үшін әкімшілік жауапкершілік жүктелетіні туралы ескерту таратқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG