Accessibility links

Алматыдағы мерекеде бірнеше адамды полиция ұстады


Полиция қызметкерлері Астана алаңында ұстаған адамды көлікке салып жатыр. Алматы, 6 шілде 2018 жыл.
Полиция қызметкерлері Астана алаңында ұстаған адамды көлікке салып жатыр. Алматы, 6 шілде 2018 жыл.

Шілденің 6-сы күні кешкісін Алматы мен Астанада мерекелік шаралар өтетін жерлерде қауіпсіздік шаралары күшейтілді деп хабарлайды Азаттық тілшілері.

Бүгінгі Астана күніне арналған мерекелік концерт Астанада EXPO кешені аумағында, Алматыда - Қазақ-британ техникалық университетінің алдындағы Астана алаңында өтеді деп белгіленген.

Екі қалада да мерекелік шаралар өтетін аумақ темір турникетпен қоршалып, оны жағалай полиция күштері бақылап тұр. Қоршаудың ішіне полиция қызметкерлері көрермендердің сөмкелерін, кейбірін қалтасын мұқият тексеріп кіргізді.

Алматыда Азаттық тілшісі белгісіз ер адамды полицияның бірнеше қызметкері ұстап, арнайы көлікке күштеп отырғызғанын байқады. Ол адам өзінің не үшін ұсталғанын түсінбейтінін айтып үлгерді.

Алматыда бірнеше адамды полиция ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:38 0:00

Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек ұсталған адам кім және не үшін ұсталғаны туралы Азаттық тілшісінің сұрағына жауап беруден бас тартты. Ол сауалды жазбаша жолдауға кеңес берді. Полиция көлігінде отырған билік өкілдері "ешкімді ұстамағанын" айтты.

Көп ұзамай Азаттық тілшісі тағы бір ер адамды полиция ұстап, құжаттарын тексергеннен кейін алып кеткенін көрді.

Астанада мерекелік шара өтіп жатқан EXPO қалашығы аумағында да полиция бақылауы күшейтілген. Ол жерде полиция қызметкерлері мен қызмет көліктері, прокуратура өкілдері жүр. Бұған дейін Астана ІІД қала тұрғындарын кешкі мерекелік шараларға балаларды ертіп бармауға шақырған.

Бұған дейін шетелде тұратын экс-банкир, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынап жүрген оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов желі арқылы қазақстандықтарды шілденің 6-сы, Астана күні (Қазақстанда бұл ресми мереке президент Назарбаевтың туған күні тойланады) кешке көшеге шығуға шақырған. Әлеуметтік желі арқылы жасаған үндеуінде Әблязов өзі негізін қалаған, Қазақстан соты биыл наурызда "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған тіркелмеген "Қазақстан демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы азаматтарды биліктен "ипотекалық және тұтыну несиелеріне амнистия" жариялауды талап етуге шақыратыны туралы мәлімдеген.

Әблязов бұған дейін де қазақстандықтарды ҚДТ акцияларына шығуға шақырған. Мамырдың 10-ы күні Қазақстанның бірнеше қаласында "саяси тұтқындарға бостандық" талабымен рұқсат етілмеген шерулерге шыққан ондаған адам ұсталған. Маусымның 23-і күні полиция ҚДТ "тегін білім үшін" талабымен акциялар өтетін орындар ретінде белгілеген жерлерден бірнеше адамды ұстаған. Ол күні шерулер өтпеген. Полицияның ешбір талап, ұран айтпағанына немесе қолында ешқандай зат болмағанына қарамастан көшеден азаматтарды ұстап әкетуін өткен айдың соңында қазақстандық құқық қорғаушылар айыптаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG