Таиланд үкіметі мен құтқрушылар отряды 9 шілдеде кеңесіп, су толған үңгірде қалған тоғыз адамды құтқарудың келесі кезеңінің жоспарын жасады. 8 шілде күні сүңгуірлер Таиландтың солтүстігіндегі үңгірде қалып қойған 12 баланың төртеуін алып шыққан.
Таиланд ішкі істер министрі Анупонг Паочинда құтқарылғандардың қауіпсіз жерде екенін, бірақ қосымша дәрігерлер тексеруінен өтуі тиіс екенін хабарлады. Министрдің сөзінше, құтқару операциясының алғашқы кезеңіне қатысқан сүңгуірлер үңгірдің жағдайымен таныс болғандықтан және не істеу қажет екенін білетіндіктен әлі жұмыс істеп жатыр.
Құтқарушылар үңгірде қамалып қалған адамдарға бағыттан айнымай жету үшін тар әрі қиын жолдармен жүруге мәжбүр.
Таиланд билігі құтқару операциясына әлемнің әр елінен, негізінен Еуропадан келген дайверлер қатысып жатыр деп мәлімдеген. Үңгірден су басқан жолмен шығатын әр баланың жанында екі дайвер бірге болады деп хабарланған.
Маусымның 23-і күні Таиландтың Чианграй провинциясындағы үңгірлер кешенін зерттеуге барған 12 жасөспірім ұл мен олардың бапкері қатты нөсер салдарынан қайтар жолды су басып қалғандықтан кері шыға алмай қалған. Жұма күні оларды құтқару операциясына қатысып жатқан бұрынғы әскери сүңгуір қаза тапқан.
ПІКІРЛЕР