Accessibility links

Қазақстандық ауыр атлет спорттан уақытша шеттетілді


Қазақстандық ауыр атлет Надежда Ногай (Сурет Қазақстан ауыр атлетика федерациясының ресми сайтынан алынды).
Қазақстандық ауыр атлет Надежда Ногай (Сурет Қазақстан ауыр атлетика федерациясының ресми сайтынан алынды).

Қазақстандық ауыр атлет Надежда Ногай "Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) анти-допинг ережесін бұзды" деген күдікке ілініп, уақытша жарыстардан шеттетілді. Бұл туралы IWF ресми сайтында хабарлады.

Халықаралық ауыр атлетика федерациясы "Ногай рұқсат етілмеген препарат қолдануға әрекеттенді" деп күдіктенеді. Бірақ спортшы қай жарыста допинг ережесін бұзғаны туралы нақты жазылмаған. IWF қазір спортшыға қатысты тексеру бастаған. IWF тексеру кезінде спортшы ереже бұзбағаны анықталса оған қатысты шешімді қосымша хабарлайтынын мәлімдеген.

22 жастағы Ногай - 2011, 2012, 2013 жылдары жасөспірімдер арасында, 2015 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанған. 2015 жылы ересектер арасындағы Қазақстан чемпионында +75 келіде жеңіске жеткен. Сол жылы Хьюстонда өткен әлем чемпионатына қатыстып, 5-орын алған.

Сәуірде Халықаралық ауыр атлетика федерациясы "2008-2020 жылдары арасында 20-дан астам допинг ережесін бұзған Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения, Әзербайжан Токио олимпиадасына тек бір ер және бір әйел спортшы апара алады" деген шешім шығарған. Бұл ережені Халықаралық олимпиада комитеті қолдаған.

Осыдан кейін Қазақстан ауыр атлетика федерациясы Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) үстінен Спорттық арбитраж сотына (CAS) шағым түсірген.

2017 жылы күзде IWF допинг ережесін көп бұзған Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Ресей, Қытай, Беларусь, Украина, Түркия сынды елдерді бір жылға жарыстардан шеттеткен. Аталған елдер 2017 жылы Анахаймде (АҚШ) өткен әлем чемпионатына қатысқан жоқ. Бұл елдер 2018 жылдың қараша айына дейін ауыр атлетикадан өтетін барлық жарысқа қатыса алмайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG