Accessibility links

"Мұнай ұрлау" ісінде адвокаттар жазаны қатаңдатумен келіспеді


Ақтөбедегі "мұнай ұрлығы" ісіне шыққан үкім бойынша апелляциялық сот отырысына қатысушылар. 24 қыркүйек 2018 жыл.

Ақтөбеде "мұнай ұрлады" деген айыппен істі болған азаматтардың адвокаттары прокуратураның жазаны қатаңдату туралы шағымымен келіспейді. Бұл туралы адвокаттар 24 қыркүйек күні өткен сот процесінде айтты.

"Мұнай ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ жетекшісі" Еркін Ізбасардың адвокаты Тамара Сәрсенова "жаза әлеуметтік әділдікті көздеуі керек" деп санайды. Сәрсенова Еркін Ізбасардың жазасын қатаңдатып, 16 жылдық түрме жазасын кесуді сұрап отырған мемлекеттік айыптаушыларды "түсіне алмай" отырғанын айтты.

- Бірінші топ мүгедегіне кесілген 12 жылдық жазаға тағы төрт жылды қосып беру не үшін қажет болды? Ол прокуратура жазған наразылықта көрсетілмеген. Біздіңше, прокурорлар өз бетінше қозғала алмайтын мүгедек адамды физикалық, моральдық тұрғыдан азапқа салмақ. Одан бөлек, мұнай ұрлығынан келген шығын мөлшері де әлі күнге белгісіз. "Ізбасар мұнай ұрлап, мемлекетке миллиардтаған шығын келтірді" деп тағы айта алмаймыз. Тергеу материалдарында "Ізбасар ұрланған мұнайды Қырғызстанға сатып, 748 мың теңге табыс тапты" деп айтылады. Бірақ жәбірленуші де, куә да жоқ. Сонда оның жазасы неге ауырлауы керек?! - дейді Тамара Сәрсенова.

Адвокат Сәрсенова 2 тамыз күні шыққан сот үкімінен соң Еркін Ізбасардың анасына тиесілі 2015 жылғы Toyota Sequoia автокөлігі заңсыз тәркіленген деп санайды. Тергеу "Ағайынды төртеу" қылмыстық тобы қылмыс жасаған кезде пайдаланды" деген көлік 2015 жылы Нью Йорк қаласынан 60 мың АҚШ долларына сатып алынған.

- Бұл - қылмыспен табылған қаржы емес. Еркін Ізбасардың әкесі Жұмаш – есімі елге танымал атбегі. Оның иелегінде 78 бас жылқысы бар. Оның 66-сы - асылтұқымды. Жұмаш Ізбасар 2000-2015 жылдар аралығында асылтұқымды жылқыларын бәйгеге қатыстырып, 43 миллион теңгенің жүлдесін жеңіп алған. Баласы істі болған 2016-2018 жылдар аралығында осы кәсібінен 11 миллион теңгеден астам табыс тапқан. Сот үкімімен тәркіленген автокөлік иесіне қайтарылуын сұраймыз, - деді Сәрсенова.

Биыл 2 тамызда сот үкімімен "мұнай ұрлаушылардың" екеуі сот залынан бостандыққа жіберіліп, қалған 24 адам 3 пен 12 жыл аралығындағы түрме жазасына кесілген еді. Еркін Ізбасар 12 жыл, Аухат Қалиев 11 жыл, Қалдымұрат Қартжанов 11 жыл, Нұрлыбек Тонтаев 7 жыл, Болатбек Бекетов пен Мұрат Тұржанов 8 жылға сотталған. Сот үкімімен келіспеген "мұнай ұрлаушылардың" адвокаттары Ақтөбе облыстық сотына апелляциялық шағым түсірген.

  • 16x9 Image

    Жаңагүл ЖҮРСІН

    Жаңагүл Жүрсін - Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевидениесінен бастап, әр жылдары осы өңірдегі түрлі БАҚ-та тілші, редактор, бас редактор қызметін атқарған. Азаттықпен 2011 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG