Accessibility links

AI: Пекин Шыңжаңдағы аз ұлттар құқығын аяққа таптауды доғаруы керек


Қытайда туыстары қамауда отырған этникалық қазақтардың туыстары оларды босатуға көмек сұрап отыр. Алматы, 12 қыркүйек 2018 жыл.
Қытайда туыстары қамауда отырған этникалық қазақтардың туыстары оларды босатуға көмек сұрап отыр. Алматы, 12 қыркүйек 2018 жыл.

Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қытай үкіметін халықаралық қауымдастықтың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында (бұдан ары Шыңжаң - ред.) этникалық азшылық топтарға жүргізіп отырған саясатына қатысты білдірген алаңдаушылығын ескеруге шақырды. Ұйым бұл туралы 24 қыркүйекте жариялаған "Қытай: Олар қайда? Шыңжаңдағы жаппай ұстауға жауап беретін уақыт жетті" деп аталатын арнайы есебінде мәлімдеді.

AI есебінде Шыңжаңда соңғы айларда қазақтар, ұйғырлар мен басқа да азшылықты құрайтын мұсылман топтар өкілдерін жаппай себепсіз ұстап, күштеп "саяси үйрену орталықтарына" қамап жатқаны туралы "алаңдататын" ақпараттар көбейгенін айтады.

Ұйым есебін аталған орталықтарда қамауда отырып шыққандардан, қамауда отырғандар және Шыңжаңда ұшты-күйлі жоғалып, еш дерегін біле алмай отырған адамдардың туыстары - барлығы 100-ден астам адамнан алған мәліметтерге сүйеніп дайындаған. Есепте өздері Қазақстанда тұратын қазақтар туыстарының Шыңжаңда қамауда отырғанын немесе бірнеше ай бұрын Қытайда полиция ұстағаннан бері дерегін біле алмай отырғанын, ол жақтағы туыстарымен сөйлесуден үрейленетінін айтады.

Amnesty International Қытай заңдарында этникалық топтарды кемсітуге тыйым салынғанын, Қытайдың Нәсілдік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық конвенцияға, Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жөніндегі халықаралық конвенцияға қосылғанын еске салып, Пекин Шыңжаңдағы этникалық топтарға қатысты шараларды тәуелсіз тексеруге рұқсат беруі керек деп біледі.

Ұйым Пекин Шыңжаңда этникалық және діни азшылық топтардың құқықтарына қол сұғу аймақта тұрақтылық орнатпайтынын ұғынуы керек дейді.

​Қытайда жергілікті қазақтардың қысым көріп жатқаны туралы 2017 жылдың сәуір айынан хабарлана бастаған. Былтыр Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы кезінде еуропалық қазақ Өмірхан Алтын бұл мәселені Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында көтерген.

Оқи отырыңыз: Қытай мұсылмандарына қысым жасалғаны туралы жаңа дерек жарияланды

Биыл мамыр айында Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов "Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін "Қытай азаматтығынан шығу заңдылығын бұзған болуы ықтимал" деген күдікпен Қытайда ұсталған этникалық қазақтар туралы журналистер сауалына жауап берді.

Министр жауабында: "Бізде дәл қазір 170-тей этникалық қазақ туралы мәлімет бар. Әрбір адам бойынша жұмыс істеп жатырмыз" деп айтқан. Бұдан бөлек, Қытайда қамауда болған бірнеше азаматтың босап шыққаны белгілі болған.

Оқи отырыңыз: Қытайға "кіріптар" Астананың "сақ" дипломатиясы

Қытайдағы этникалық азшылық өкілдерінің "саяси лагерьлерге" жаппай қамалуы жайлы халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен әлемдік баспасөз жазып келеді. Тамызда The Financial Times газеті Қытайдан Қазақстанға қашып өткен этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың хикаясын баяндап, Шыңжаңдағы қуғын-сүргін туралы мақала жазған. Қытайдың Ұлыбританиядағы елшісі Лю Сяомин мақалаға жазған жауап хатында басылым дерегін "жұртты шатастыратын ақпарат" деп, Шыңжаңда этникалық топ өкілдерінің қудаланатынын терістеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG