Accessibility links

Алматыда туыстары Шыңжаңда қамауда отырғандар араша сұрады


Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Алтай аймағынан келген қазақтар "саяси үйрену лагерлерінде" отырған туыстарына араша сұрап отыр. Алматы, 11 қазан 2018 жыл.
Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Алтай аймағынан келген қазақтар "саяси үйрену лагерлерінде" отырған туыстарына араша сұрап отыр. Алматы, 11 қазан 2018 жыл.

Алматыда қазанның 11-і күні Тайманов көшесіндегі Қазақстан жазушыларының шығармашылық үйінде Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының (бұдан ары Шыңжаң) Алтай аймағы Шіңгіл ауылынан көшіп келген қазақтар баспасөз мәслихатын өткізді. Жиынға келген он шақты азамат Қытайда туыстарының "саяси үйрену лагерлерінде" қамауда отырғанын айтып, Қазақстан билігінен оларға араша сұрады.

Кездесу әуелде Қайырбеков көшесіндегі Renion қонақүйінде өтеді деп жоспарланған еді. Бірақ таңертең барған адамдарға қонақүй өкілдері "жылу жүйесінің жарылғанын" айтып, жиынды өткізуден бас тартқан.

Жиында өзін Болатбек Рақымбайұлы деп таныстырған адам 78 жастағы анасы Гүлсімхан Базарбектің былтыр Қытайға кетіп, жыл басынан бері "саяси үйрену орталығында" қамауда отырғанын айтты. Оның сөзінше, Қазақстан азаматтығын алған анасы 2017 жылы тұрақты тіркеуден шығу үшін Қытайға кеткен. Ал биыл ақпанда анасы хабарласып, өзін Тарбағатай аймағының Дөрбілжің ауданында полиция шақырып жатқанын айтқан. Содан "саяси үйрену орталығына" қамалған.

Ол анасының қамалуына байланысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне хат жазған. Биыл тамыздың ортасында министрлік Шыңжаң билігінің "Гүлсімхан Базарбек Қытай заңдарына сәйкес Қытай азаматтығынан шығу рәсімін орындамағандықтан қазір тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр" деген жауабын жолдаған.

Соңғы айда Шыңжаңның түрлі аудандарынан Қазақстанға көшіп келген қазақтар Алматыда кезек-кезек баспасөз мәслихатын өткізіп, Қытайда қамалған туыстарын босатуға биліктен және халықаралық қауымдастықтан араша сұрап келеді. Қыркүйектің соңында Шыңжаңның Мұңғылкүре ауданынан көшіп келген қазақтар өткізген жиында прокуратура өкілдері келіп, мұндай жиын өткізуге болмайтыны туралы ескертіп кеткен.

Қытайда жергілікті қазақтардың қысым көріп жатқаны туралы 2017 жылдың сәуір айынан хабарлана бастаған. Былтыр Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы кезіндееуропалық қазақ Өмірхан Алтын бұл мәселені Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында көтерген.

Оқи отырыңыз: Қытай мұсылмандарына қысым жасалғаны туралы жаңа дерек жарияланды

Биыл мамыр айында Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов "Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін "Қытай азаматтығынан шығу заңдылығын бұзған болуы ықтимал" деген күдікпен Қытайда ұсталған этникалық қазақтар туралы журналистер сауалына жауап берді.

Министр жауабында: "Бізде дәл қазір 170-тей этникалық қазақ туралы мәлімет бар. Әрбір адам бойынша жұмыс істеп жатырмыз" деп айтқан. Бұдан бөлек, Қытайда қамауда болған бірнеше азаматтың босап шыққаны белгілі болған.

Оқи отырыңыз: Қытайға "кіріптар" Астананың "сақ" дипломатиясы

Қытайдағы этникалық азшылық өкілдерінің "саяси лагерьлерге" жаппай қамалуы жайлы халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен әлемдік баспасөз жазып келеді. Тамызда The Financial Times газеті Қытайдан Қазақстанға қашып өткен этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың хикаясынбаяндап, Шыңжаңдағы қуғын-сүргін туралы мақалаға жазған. Қытайдың Ұлыбританиядағы елшісі Лю Сяомин мақалаға жазған жауап хатында басылым дерегін "жұртты шатастыратын ақпарат" деп, Шыңжаңда этникалық топ өкілдерінің қудаланатынын терістеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG