Accessibility links

Қазақстан билігін кәсіподақтар құқығын қорғауға шақырды


Алматыға келген Халықаралық кәсіподақтар миссиясы өкілдері (солдан оңға қарай) Борис Кравченко, Антон Леппик, Андреас Хальсе және Еспен Локен. 15 қараша 2018 жыл.
Алматыға келген Халықаралық кәсіподақтар миссиясы өкілдері (солдан оңға қарай) Борис Кравченко, Антон Леппик, Андреас Хальсе және Еспен Локен. 15 қараша 2018 жыл.

Қазақстанда жұмысшылар мен кәсіподақтар құқығы заңмен де, іс жүзінде де қорғалмаған. Бұл туралы қарашаның 15-і күні Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Халықаралық кәсіподақтар миссиясы өкілдері мәлімдеді. Кәсіподақтардың халықаралық конфедерациясы, Норвегия кәсіподағы мен Ресейдің еңбек конфедерациясы өкілдерінен құралған миссия өкілдері Қазақстандағы тәуелсіз кәсіподақ белсенділері Лариса Харькованың сотқа тартылып жатқанын, Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаевтың сотталғанын айтты. Олар кәсіподақ белсендісі Дмитрий Сенявскийдің өздерімен кездесуге бірнеше күн қалғанда соққыға жығылғанын жеткізді.

Кәсіподақтардың халықаралық конфедерациясының өкілі Антон Леппиктің сөзінше, конфедерацияның жыл сайынғы "Жұмысшылар мен кәсіподақ құқығы сақталмайтын елдер индексі" бойынша Қазақстан ең нашар ондыққа енеді. Миссия өкілдері бұл - жұмыскерлер мен кәсіподақ құқығы не заңмен, не іс-жүзінде еш қорғалмайтынын көрсететінін айтты. Олар Қазақстанның кәсіподақтар туралы заңында тәуелсіз кәсіподақтар жұмысына кедергі көп екенін айтып, Астананы заңды халықаралық талаптарға сай қайта қабылдауға шақырды.

Оқи отырыңыз: Туған елінде қуғындалып, шетелде танылған кәсіподақ басшысы

Сотталған кәсіподақ белсенділері Харькова, Құшақбаев пен Елеусінов биыл Норвегиядағы Артур Свенссон атындағы танымал сыйлықпен марапатталған. Марапаттау рәсіміне олар бара алмады, өйткені Харькова пробациялық бақылауда болды. Ал Елеусінов пен Құшақбаев шартты түрде мерзімінен бұрын босап шықты. Олардың ары-бері жүруіне шектеу салынған. Артур Свенссон қорының жетекшісі Адрес Хальсеның сөзінше, Свенссон сыйлығын тағайындау комитеті "Қазақстан билігі тәуелсіз кәсіподақ белсенділерін қуғындайды" деп біледі.

Алматыда үш күн болған миссия өкілдері тәуелсіз кәсіподақ белсенділерін қудалау фактілерін келешекте де халықаралық деңгейде көтере беретіндерін мәлімдеді. Миссия өкілдері Қазақстан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Сыртқы істер министрлігі өкілдерімен кездескен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG