Accessibility links

Шымкент соты Харькованың апелляциялық шағымын қарап жатыр


Кәсіподақ белсендісі Лариса Харькова.
Кәсіподақ белсендісі Лариса Харькова.

9 қаңтарда Шымкент қалалық соты билік шешімімен жабылған Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының бұрынғы жетекшісі Лариса Харькованың апелляциялық шағымын қарай бастады.

2018 жылы Шымкенттегі жедел жәрдем станциясы кәсіподақ комитетінің жетекшісі Сәуле Әбдібаева кезінде тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясына аударған 2,5 миллион теңгені Лариса Харьковадан өндіріп алуды талап етіп, сотқа шағымданған. Шымкент қалалық әділет департаменті сот сауалына берген жауабында Әбдібаева басқарып отырған қазіргі кәсіподақ ұйымы бұрынғы жедел жәрдем станциясы кәсіподағының заңды мұрагері бола алмайтынын мәлімдеген. Осыған сүйенген Еңбекші аудандық соты өткен жылы қарашада істі тоқтатқан.

Оқи отырыңыз: Сот Лариса Харькованың ісін тоқтатты

Бірақ Лариса Харькова соттың азаматтық істі тоқтатуына қарсылық білдіріп, апелляциялық шағым түсірген. Оның пікірінше, "2,5 миллион теңге бергенін сотта дәлелдей алмаған" Сәуле Әбдібаева алдағы уақытта оның үстінен қайта арыздануы мүмкін.

- Маған істің тоқтағаны тиімсіз. Сот бұл істі қараудан бас тартуы керек еді. Сонда ғана Әбдібаеваның қайта арыздануға құқығы болмайды. Әбдібаева сотқа ешбір дәлел келтіре алмады. Дәлелі болмай тұрып арыз жазғаны үшін де жауап беруі керек, - дейді ол.

Сот отырысына Харькова мен оның сенімді өкілдері, белсенділер және адам құқығын қорғаушылар, Сәуле Әбдібаеваның қорғаушысы Дәулет Байсейітов қатысты.

Адвокат Дәулет Байсейітов сотта талапкердің дәлелдерін келтіріп жатқанда Лариса Харькова "мынадай өтірікті тыңдай алмаймын" деп сот залынан шығып кетті. Судья тараптарды тыңдап болған соң жұмыс уақытының біткенін айтып, сот отырысы 10 қаңтарда жалғасатынын хабарлады.

2017 жылы жазда Шымкенттегі Еңбекші аудандық соты Лариса Харькованы "бөтеннің сеніп тапсырған мүлкін алаяқтықпен әрі аса ірі көлемде жымқырған" деп айыптап, бас бостандығын төрт жылға шектеп, мүлкін тәркілеуге үкім еткен. Қазақстанда сотталған бұрынғы кәсіподақ басшылары Лариса Харькова, Нұрбек Кұшақбаев және Әмин Елеусіновке өткен жылы Артур Свенссон атындағы халықаралық сыйлық берілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG