Accessibility links

Министрлік: Мектептерде педагог-психологтар санын көбейту керек


Интернетте тараған әлімжеттік туралы видеодан скриншот.
Интернетте тараған әлімжеттік туралы видеодан скриншот.

Қазақстан мектептерінде оқушылармен жұмыс істейтін педагог-психологтар жетіспейді. Бұл туралы Астанада кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысынан кейін білім және ғылым министрлігі балалар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Ержан Ерсайынов айтты. Оның сөзінше, жиында жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылықты азайту мәселелері талқыланған.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің төрағалығымен жабық өткен жиынға министрлік өкілдері, бала құқығы жөніндегі уәкіл және уәкілетті органдар өкілдері қатысқан.

Ерсайыновтың айтуынша, комиссия отырысында жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылықты азайтуға қатысты бірқатар ұсыныстар жасалып, кәмелетке толмағандардың өмірлік дағдыларын дамыту бағдарламасы пысықталған.

Оның сөзінше, комиссияның былтыр желтоқсанда өткен отырысында 2019-2021 жылдары кәмелетке толмағандар арасындағы зорлық-зомбылықты азайту туралы ведомствоаралық жоспар қабылданған.

Бұл бағдарламада жасөспірімдер арасында зорлық-зомбылықты азайту, суицид жасауға бейім мінез-құлықтың алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптастыру және әлеуметтік желілердегі мінез-құлық мәселелері қарастырылған.

"Бұл бағдарлама бойынша, мектептегі психологтардың біліктілігін арттыру көзделіп отыр. Ол үшін онлайн курстар, тренингтер ұйымдастырылады. Психологтар сосын ата-аналармен және оқушылармен жұмыс істейді. Қазір мектептерде психологтар жетіспейді. Елде жеті мың мектеп болса, жеті мыңнан астам педагог пен психолог жұмыс істейді. Сондықтан, психологтар штатын көбейтіп, 300 балаға бір педагог-психологтан келетін норматив қабылдауды қарастырып жатырмыз" деді Ержан Ерсайынов.

Соңғы кезде Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылық, бір-біріне әлімжеттік жасау оқиғалары жиілеген. Қаңтар айында әлеуметтік желілерде Түркістан, Қызылорда және Қарағанды қалаларында оқушылардың әлімжеттігі туралы бірнеше видео тараған. Ақтөбеде екі мектептің оқушылары төбелесіп, жоғары сыныптың бір оқушысы пышақтан жарақатынан қайтыс болған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG