Accessibility links

Президент Назарбаев судья Мәлік Кенжалиевті қызметінен босатты


Ақтау қалалық сотының бұрынғы төрағасы Мәлік Кенжалиев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін жұмыстан заңсыз қуылғаны туралы мәлімдеген Ақтау қалалық сотының бұрынғы төрағасы Мәлік Кенжалиевті қызметінен босатқан. Бұл туралы ақпаратты Маңғыстау облыстық сотының баспасөз хатшысы Гаухар Нұрханова Азаттық тілшісіне растады.

Назарбаев 20 ақпанда қол қойған жарлықта Кенжалиевтің қызметінен өз өтініші бойынша босатылып, судья өкілеті тоқтатылғаны жазылған. Бұған қоса жарлықта Өскемендегі №2 қалалық соттың төрағасы Қазбек Қасымов, Алматының Бостандық аудандық сотының судьясы Гүлмира Жоламанованың "теріс қылығы" үшін жұмыстан босатылғаны айтылған. Кенжалиев өзі туралы президент жарлығына пікір білдірген жоқ.

59 жастағы Мәлік Кенжалиев өткен аптада бір-біріне қарама-қайшы екі мәлімдемесімен назарға ілінді. 11 ақпанда сот жюриінің шешімімен Ақтау қалалық сотының төрағасы Кенжалиевтің судья өкілеті тоқтатылған. Кенжалиев бұған елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының Telegram чатындағы жазбалары үшін істі болған Айгүл Ақбердиеваны "соттау туралы басшылық бұйрығын орындамағаны" себеп болғанын мәлімдеп, халықаралық құқық қорғау ұйымдарынан көмек сұрады. Айгүл Ақбердиеваны ақтаған сот үкіміне қарсылық білдірген Маңғыстау облыстық прокуратурасы істі қайта қарауды сұрап, 20 ақпанда облыстық соттың апелляциялық алқасына өтініш берген.

Оқи отырыңыз: Бұрынғы сот төрағасы халықаралық қолдау іздейді

14 ақпанда Қазақстан Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов Кенжалиевтің сөзін жоққа шығарып, ол "судья әдебіне қайшы келетін теріс қылығы үшін" жұмыстан уақытша шеттетілді деп айтты. Сол күні кешке Мәлік Кенжалиев өзіне ешқандай қысым жасалмағаны және халықаралық қолдауға мұқтаж емес екені туралы мәлімдемесі жазылған видеоны Facebook әлеуметтік желісіндегі парағында жариялады.

Кенжалиев Ақтау қалалық сотының төрағасы қызметіне 2016 жылы қарашада тағайындалған еді. Ол 2005-2010 жылдары Ақтау қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы, 2010-2012 жылдары Жаңаөзен қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы, кейін Түпқараған аудандық сотының төрағасы қызметтерін атқарған.


  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG