"Ақ жол" партиясы ұсынған кандидат Дания Еспаева 26 сәуірде қазақ тілі сынағын тапсырды. Тіл комиссиясы Еспаева қазақ тілін еркін меңгерген деген шешім шығарды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы хабарлады.
Қазақ тілі сынағы кезінде Еспаева "Ұлы даланың жеті қыры" тақырыбында шығарма жазып, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқып, "Қоғам және демократия" тақырыбында ой-толғау айтқан.
Орталық сайлау комиссиясы 26 сәуірде Қазақстан коммунистік халық партиясы ұсынған үміткер Жамбыл Ахметбеков құжаттарын өткізгенін хабарлады. Ахметбеков қазақ тілі сынағын 27 сәуірде тапсырады.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Президент сайлауына кандидат ұсыну 28 сәуір кешке дейін жалғасады, кандидаттарды тіркеу 11 мамырда аяқталады.
Қазірге дейін саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ұсынған кандидаттардың тізімі:
- Сәдібек Түгел - "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы (тіл емтиханынан өтті);
- Қасым-Жомарт Тоқаев - "Нұр Отан" партиясы (тіл емтиханынан өтті);
- Амангелді Таспихов - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы (тіл емтиханынан өтті);
- Дания Еспаева - "Ақ жол" партиясы (тіл емтиханынан өтті);
- Төлеутай Рақымбеков - "Ауыл" партиясы (ОСК-ға құжаттарын өткізді);
- Жамбыл Ахметбеков - Қазақстан коммунистік халық партиясы (ОСК-ға құжаттарын өткізді);
- Әміржан Қосанов - "Ұлт тағдыры" қозғалысы.
ПІКІРЛЕР