Accessibility links

ҚДТ үшін сотталған Жұмаев түрмеден шығады


Жұмаев сот үкімін тыңдап тұр. Ақтау, 20 қыркүйек 2018 жыл.

11 шілде күні №2 Атырау қалалық соты елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының Тelegram чатындағы хабарламалары үшін үш жылға сотталған ақтаулық Абловас Жұмаевтың жаза мерзімінің қалғанын бас бостандығын шектеуге ауыстыру туралы шағымын қанағаттандырды. Сот ол жазасын өтеп жатқан Атыраудағы УГ-157/1 мекемесінде өтті.

Істі судья Ержан Әліпқалиев қарады. Абловас Жұмаевтың аразын қарау 2 шілде күні Атырау қалалық сотында басталған. Оның адвокаты Жанар Сүндетқалиеваның айтуынша, судья Жұмаевты алғашқы отырыста сот залына әкелмей, істі интерактивті режимде қараған. Байланыс нашар болғандықтан судья істі 11 шілдеге Жұмаев отырған түрмеде қарауға ауыстырған.

"Жұмаевтың өтінішіне прокурор қарсылық білдірген жоқ. Сот шешімі күшіне 15 күннен соң енеді. Жұмаев отбасына 26 шілдеде оралатын болады" деді адвокат Жанар Сүндетқалиев Азаттыққа.

Ақтау қалалық соты 45 жастағы Абловас Жұмаевты 2018 жылғы 20 қыркүйекте "әлеуметтік, рулық алауыздық тудырды", "билікті күшпен басып алмақ болды" деген айыптармен үш жылға түрме жазасын кескен еді.

Жұмаевтың 39 жастағы әйелі Айгүл Ақбердиеваға да "билікті басып алуға шақырды" және "Қазақстанның конституциялық құрылымын күштеп өзгертпек болды" деген айыптар тағылған. 6 ақпанда Ақтау қалалық сотының судьясы Гүлнәр Байтұрова Қылмыстық кодекстің "Билікті басып алуды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру" бабы бойынша айып тағылған Ақбердиеваның ісінде "қылмыстық құрам жоқ" деп тауып, оны ақтаған. Шешіммен келіспеген прокуратура үкімнің күшін жоюды талап еткен. Кейін сот Ақбердиеваның ісін қайта қарау үшін алғашқы инстанцияға жіберген.

Төрт баланың ата-анасы Жұмаев пен Ақбердиева бұл істе саяси астар бар деп санайды.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Абловас Жұмаевты саяси тұтқындар қатарына қосқан.

Қазақстанда осыған дейін де ондаған адам "ҚДТ қозғалысын қолдады" деп айыпталып, жазаланған. 2018 жылы наурызда Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, елдегі қызметіне тыйым салған. Ал ұйым жетекшісі, шетелде тұратын экс-банкир Мұхтар Әблязовтың үстінен "тапсырыспен адам өлтірді, ірі көлемде ақша жымқырды" деп қылмыстық іс қозғап, өмір бойы түрме жазасына кескен. Ал Әблязов бұл айыптардың саяси астары бар деп санайды.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG