Accessibility links

Ақтөбе соты Сириядан оралған әйелдің ісін прокуратураға қайтарды


Ақмарал Алмағамбетова (екінші келе жатқан әйел) сот ғимаратында. Ақтөбе, 22 шілде 2019 жыл.
Ақмарал Алмағамбетова (екінші келе жатқан әйел) сот ғимаратында. Ақтөбе, 22 шілде 2019 жыл.

Сириядан оралған соң терроризм айыбы тағылған Ақмарал Алмағамбетованың ісін Ақтөбе қалалық соты жаңа процессуалдық келісім жасау үшін 23 шілде күні прокуратураға қайтарып берді. Сот қылмыстың саралануымен келіспейді.

- Ақмарал Алмағамбетова қылмысты 2014 жылғы қаңтар айында жасады деп айыпталып отыр. Бұл жағдайда оның іс-әрекеті Қылмыстық кодекстің 1997 жылғы 16 шілдедегі редакциясымен дәрежелеуге жатады. Ал Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясында сотталушының мүлкін тәркілеу сияқты жазаны ауырлататын жағдайлар бар. Жазаны жеңілдететін жағдай болған кезде неге біз оның іс-әрекетін ауырлататын баптармен саралауымыз керек? Сот қылмыстың саралануымен келіспейді, іс прокуратураға қайтарылсын, - деді судья Әлима Әділова.

Осылайша терроризм айыбы тағылған Ақмарал Алмағамбетованы қамау мерзімі тағы бір айға ұзартылды.

Сот терроризм айыбы тағылған әйелдің ісін 22 шілде күні қарай бастаған болатын. Тергеу 32 жастағы Ақмарал Алмағамбетованы «терроризмді насихаттады», «ұлттық алауыздықты қоздырды» деп айыптап отыр. Прокурордың сөзінше, Сириядан оралған әйел тағылған айыптарды мойындаған. Ал адвокат алғашқы сот отырысында өз қорғауындағы Алмағамбетованың процессуалдық келісімге дайын екенін айтты.

Мемлекеттік айыптаушы Азамат Байболатовтың сөзінше, сотталушы Алмағамбетова 2013 жылғы тамыз айында Қырғызстан арқылы Түркия асып, одан әрі Сирияға кеткен.

Тергеу материалдарында Ақмарал Алмағамбетованың заңды некедегі күйеуі Мирболат Жаманқұловтан 2013 жылғы мамыр айында шариғат жолымен ажырасқандығы айтылады. Ол кезде отбасындағы үш баланың кішісі бір жаста болған. Ақмарал Алмағамбетова Сирияға кетерінде балаларын күйеуіне қалдырған. 2014 жылғы қаңтар айында отбасына хабарласып, қақтығыс аймағында жүргенін айтқан. Кейін бірнеше мәрте аудио және жазбаша хабарлама жолдап, балаларының әкесі Мирболат Жаманқұловқа ДАИШ экстремистік ұйымының идеяларын насихаттаған.

Сирияға барған соң бірнеше мәрте тұрмыс құрған Ақмарал Алмағамбетова 2015 жылы Альбара есімді ер бала мен 2017 жылы Ниссанұр есімді қызды дүниеге алып келген. Әкелері қақтығыс аймағында қаза тапқан екі баланың тағдырын аналары қылмыстық жауапқа тартылған жағдайда сот шешуі тиіс. Алмағамбетованың адвокаты Назгүл Дүйсенбекованың айтуынша, балалардың нағашы әжесі науқас, сондықтан олар әзірше мемлекет қарауында.

Биыл мамырдың 7-9 аралығында «Жусан» арнайы операциясымен Сириядан Қазақстанға жеткізілгендердің ішінде Алмағамбетова бөлек тағы үш ақтөбеліктің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, айыпталушылардың бірі 28 жастағы Руслан Қуанов «Сириядағы қарулы қақтығыстарға қатысқан болуы мүмкін» деген күдікке ілінген. Ал Данабек Төреханов және Дәурен Сәбитұлына «терроризмді насихаттады», «діни алауыздықты қоздырды» деген айып тағылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG