Accessibility links

Нұр-Сұлтанда белсенділер "Саяси тұтқындарға бостандық" талабымен бір адамдық пикет өткізді


Анна Шүкеева түрмеде отырған Мұхтар Жәкішев пен құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған азаматтарға бостандық беруді талап етіп бір адамдық пикетте тұр. Нұр-Сұлтан, 26 тамыз 2019 жыл.

26 тамызда Нұр-Сұлтанда бірнеше белсенді Қазақстанда 2009 жылдан бері түрмеде отырған "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевке және құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған өзге азаматтарға қолдау білдіріп, бір адамдық пикет өткізді. Олар Қазақстан билігінен түрмедегі адамдарды дереу босатуды талап етті.

Бәйтерек монументінің алдына кезектесіп шыққан Анна Шүкеева, Салтанат Мәрібекова, Римма Төлебаева, Қалдыхан Қозыбаева, Фариза Беспаева мен Әлия Жакупова Жәкішевтің суреті мен "Мұхтар Жәкішевке бостандық!" деген жазуы бар плакаттар ұстап тұрды.

Белсенді Әлия Жакупова биліктен түрмеде отырған Мұхтар Жәкішевті босатуды талап етіп, бір адамдық пикетте тұр. Нұр-Сұлтан, 26 тамыз 2019 жыл.
Белсенді Әлия Жакупова биліктен түрмеде отырған Мұхтар Жәкішевті босатуды талап етіп, бір адамдық пикетте тұр. Нұр-Сұлтан, 26 тамыз 2019 жыл.

Бір адамдық акцияға қатысушыларды жақын жерден видеоға түсіріп, сырттай бақылап полиция қызметкері, прокуратура өкілі және жай киімдегі бірнеше адам жүрді. Билік өкілдері акцияға шыққандарға тиіспеді. Бәйтерек маңынан өтіп жатқан адамдардың кейбірі пикетте тұрғандардың талабын тыңдап, жөніне кетіп жатты. Олардың бірі - 55 жастағы қала тұрғыны Марат Мұсабаев белсенділерге қосылып, бір адамдық пикетке қатысты.

Мұсабаев биыл 9 маусымда Қазақстанда кезектен тыс өткен президент сайлауына қарсылық акциясына қатысушы ретінде Нұр-Сұлтан сотының шешімімен бес тәулікке әкімшілік қамауға алынып, жазаны Аршалы ауылында өтегенін айтты.

Марат Мұсабаев "Саяси тұтқындарға бостандық!" талабымен акцияға шыққандарға қосылып, бір адамдық пикетте тұр. Нұр-Сұлтан, 26 тамыз 2019 жыл.
Марат Мұсабаев "Саяси тұтқындарға бостандық!" талабымен акцияға шыққандарға қосылып, бір адамдық пикетте тұр. Нұр-Сұлтан, 26 тамыз 2019 жыл.

- Мен саяси тұтқындардан кешірім сұраймын. Ұзақ уақыт бойы бізде саяси тұтқындар бар екенін білмедім. Саясатқа да, басқаға да мән бермей келдім... Қазақстанның болашағы өзімізге байланысты. Бұл жігіттер сарғайып отыра бере ме, ол біздің азаматтық қоғамға байланысты. Не біз мал құсап жүре береміз, не басымызды көтеріп, өз үнімізді білдіреміз, - деді ол.

Бәйтерек жанындағы бір адамдық пикет жарты сағаттай уақытқа созылды. Шара біткен соң оған қатысушылар тарап кетті.

Қазақстанда шілде айының соңынан бері бірнеше қалада жергілікті белсенділер "саяси тұтқындарға бостандық берілсін" деген талаппен акция өткізіп жүр. Мұндай шаралар Алматыда, Шымкентте, Нұр-Сұлтанда, Семейде, Қарағанды мен Ақмола облысында өткен. Оған қатысушылар Мұхтар Жәкішевті, 2006 жылы жазда Алматы іргесіндегі Шаңырақ оқиғасынан соң ұзақ мерзімге түрме қамалған диссидент ақын Арон Атабекті, 2016 жылы сәуірде Атыраудағы "жер мәселесі" туралы наразылық шеруінен соң сотталып, қазір абақтыда жазасын өтеп жатқан белсенді Макс Боқаевты, "терроризмді насихаттау" және "алауыздық қоздыру" істері бойынша сотталған азаматтық белсенділер Алмат Жұмағұлов пен Кенжебек Әбішевті, Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына "қатысқан" деген күдікке ілініп, қазір тергеу абақтысында отырған Алматы тұрғындары - көп балалы ана Оксана Шевчукті, жалғызбасты аналар Жәзира Демеуова мен Гүлзипа Жаукерованы және қазақстандық құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" тізіміне енгізген өзге де азаматтарды босатуды талап етті.

Қазақстанда "саяси астармен" жауапқа тартылғандарын барын халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Еуропарламент те айтқан. Бірақ Қазақстан билігі елде "саяси көзқарасы мен азаматтық ұстанымы үшін қудаланғандар жоқ" деуден танбай келеді.

Оқи отырыңыз: "Қазақстанда саяси тұтқындар көбейіп келеді"

"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті 56 жастағы Мұхтар Жәкішевтің жемқорлық айыбы бойынша ұзақ мерзімге сотталып, түрмеде отырғанына 10 жылдан асты. Жәкішев пен оның жақтастары биліктің бұрынғы топ-менеджерге таққан айыптарын негізсіз деп санайды.

24 шілде күні Семей қаласының №2 соты Жәкішевтің мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығару туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқаннан кейін ол апелляциялық шағым берген. Шығыс Қазақстан облыстық соты Жәкішевтің апелляциялық шағымын 22 тамызда қарайды деп хабарланған. Бірақ сот отырысты әуелі 27 тамызға қалдырып, кейін 10 қыркүйекке шегерді.


  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG