Accessibility links

Қамаудағы Макс Боқаевпен кездескен Талғат Аян тұтқынның мойымағанын айтады


Азаматтық белсенді Макс Боқаев сот залында. Атырау, 3 маусым 2016 жыл.

Үкіметтің жер реформасына қарсы шеруге қатысқаннан кейін "алауыздық қоздырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу тәртібін бұзды" деген айыптар бойынша сотталып, түрмеде отырғанына үш жылдан асқан атыраулық белсенді Макс Боқаев қамаудағы жағдайына мойымаған, ол жазықсыз сотталдым деп санайды. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбедегі қауіпсіздігі орта деңгейдегі КА-168/2 мекемесінде жазасын өтеп жатқан Боқаевпен кездескен тағы бір атыраулық белсенді Талғат Аян хабарлады.

Оның айтуынша, 28 тамызда оралдық журналист Лұқпан Ахмедияров екеуінің қамаудағы Макс Боқаевпен қысқа мерзімді (екі сағаттық) кездесуіне мекеме әкімшілігі рұқсат еткен.

- Макспен әйнек терезенің ар жағынан телефон арқылы сөйлестік. Үш жыл үш ай қамауда отырса да мінез-құлқы өзгермеген. Түрме оны мойыта алмаған. Біздің барғанымызға қуанып қалды. Кездесуде біршама әңгіме айттық, оның көбі - жеке мәселе, - деді Талғат Аян.

2016 жылғы қарашада Макс Боқаевпен бірге бес жылға сотталып, 2018 жылы мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шыққан Талғат Аян қамаудағы серігінің мерзімінен бұрын босатуды сұрап өтініш беруден бас тартып отырғанын айтады.

- Макс мерзімінен бұрын босатуға [өтініш] жазбаймын деді. Себебі, ондай өтініш беру заңсыз шығарылған сот үкімін заңдастыру болады деп қарайды. Мен онымен толық келісем және Макс қандай шешім қабылдаса да құқылы. Себебі сот үкімінде Макстың кінәсін ең болмағанда формальді түрде дәлелдейтін де бір де бір дерек жоқ, - дейді Аян.

Аянның айтуынша, қылмыстық атқару заңы Макс Боқаевтың ағайын-туысы және басқа да адамдармен екі айда бір рет қысқа мерзімде кездесуіне құқық береді. Ол қамауда отырған Боқаевпен осымен екінші рет кездескенін айтты.

Талғат Аян биыл 13 тамызда Атырауда Макс Боқаевты түрмеден босатуды талап етіп бір адамдық пикетке шығатынын алдын ала хабарлаған. Бірақ жоспарланған шараға бір сағат қалғанда полиция белсендіні көшеден ұстап, "Макс Боқаевқа бостандық" деген жазуы бар плакатын тартып алған. Аянды учаскелік полиция бөлімшесінде үш сағаттай ұстап, қала прокуроры ескерту жасап босатқан.

"Олар маған әкімшілік хаттама толтырамыз деген, бірақ жазған жоқ" деді Талғат Аян Азаттыққа.

2016 жылғы сәуірде Атырауда Қазақстан үкіметінің қолданыстағы заңдарға ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді жеке меншікке сатуға және шетелдіктерге ұзақ мерзімді жалға беруге рұқсат беретін өзгертулер енгізу туралы бастамасына қарсы митингіге бірнеше мың адам қатысқан. Жиында үкіметке талап қойып сөйлеген атыраулық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды кейін "әлеуметтік алауыздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деген айыппен бес жылға соттаған.

Атыраудан кейін елдің бірқатар аймағында үкіметтің жер реформасына қарсылық шерулері өткен. Қоғамда үлкен резонанс тудырған заңның даулы баптарына Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев бес жылға мораторий жариялаған.

2018 жылы сәуірде билік Талғат Аянды шартты жазамен қамааудан босатқан. Ал биыл 29 шілдеде Атырау соты оны мерзімінен бұрын жазадан босатуға шешім шығарды. Кейін прокуратура ол шешімге қарсылық білдірді.

Қазақстандық құқық қорғаушылар белсенді Макс Боқаев пен Талғат Аянды "саяси тұтқын" деп таныған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдері Боқаев пен Аянға шығарылған үкім Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне қайшы екенін айтып, билікті екі белсендіні босатуға шақырған.

Соңғы айларда Қазақстанның бірнеше аймағында елдегі "саяси тұтқындарды босату" талабымен пикеттер өтіп жүр. Осындай акцияларды шетелде тұратын қазақстандықтар да өткізген. Шараға қатысқан белсенділер Макс Боқаев пен құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған өзге де азаматтарға бостандық беруді талап етеді.

Қазақстанда саяси астары бар істер бойынша сотталған адамдар түрмеде отырғаны туралы бұған дейін халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар мен Еуропарламент те мәлімдеген. Қазақстан билігі елде саяси көзқарасы немесе азаматтық ұстанымына бола сотталған адамдар барын жоққа шығарады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG