Accessibility links

Нұр-Сұлтан, Шымкент пен Ақтөбеде Жаңаөзендегі наразыларды қолдау акциялары өтті


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Қытайға жоспарлған сапарынан бас тартуға және Қытаймен жасалған келісімді жариялауға шақырған Жаңаөзен тұрғындарына қолдау білдіріп пикет өткізіп тұрған азаматтар. Ақтөбе, 3 қыркүйек 2019 жыл.

3 қыркүйекте Нұр-Сұлтан, Шымкент пен Ақтөбе қалаларында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында Қазақстанға Қытай зауыттарын әкелуге қарсылық білдірген наразылардың талабын қолдау акциялары өтті.

Жаңаөзенде Қазақстан аумағында ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласында 55 өндіріс орнын салу туралы Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы келісімге қарсылық білдірген стихиялық акция сейсенбі күні де жалғасты. Наразылар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Қытайға ресми сапармен барудан бас тартуға шақырды.

Шымкенттегі Ордабасы алаңына жиналған жиырма шақты адамның арасында жергілікті белсенділер, көп балалы әйелдер мен зейнеткерлер болды. "Қытай зауыттарының бізге не керегі бар? Қазір қанша адам жұмыссыз жүр. Зауыт, фабрикаларды ашып, соларға жұмыс тауып берсін" деді зейнеттегі заңгер Тілеулес Ілес.

Қазақстанға Қытай жобаларын әкелуге наразылар акциясы. Шымкент, 3 қыркүйек 2019 жыл.
Қазақстанға Қытай жобаларын әкелуге наразылар акциясы. Шымкент, 3 қыркүйек 2019 жыл.

Белсенді Өмірәлі Панзарбеков Қазақстан үкіметінің Қытайдан инвестиция тарту жоспарын "отарлаудың жаңадан ойлап табылған түрі" деп атады. Алаңға жиналғандар билікті Қытайдан алынған кредит пен екіжақты жасалған келісім жайлы ақпаратты жариялауға шақырды.

Сейсенбіде Ақтөбе облыстық әкімдігінің алдындағы алаңға "Қытайдың 55 зауытына жол жоқ" деген жазу ұстап шыққан жеті адам пикет өткізді. Әкімдік өкілдері наразыларды ғимаратқа кіріп сөйлесуге шақырғанымен, олар кеңсеге барудан бас тартты.

Бұл күні Нұр-Сұлтанда да жаңаөзендіктерді қолдау акциясы өтті. Жергілікті тұрғындар Анна Шөкеева, Әлия Жакупова мен Қалдыхан Қозыбаева Ақордаға баратын жол бойына "Қытай экспансиясына жол жоқ", "Біз Жаңаөзенмен біргеміз", "Мен жаңаөзендіктерді қолдаймын! Ал сен ше?" деген жазуы бар плакаттар ұстап шықты. Оларды сол маңнан өтіп бара жатқан кей адамдар да қолдап, пікірлерін айтып жатты.

- Жаңаөзен әрқашан Қазақстанның жан жарасы болып қалады. Сондықтан да біз олардың бейбіт наразылығына қолдау білдіріп шығып тұрмыз. 2011 жылғы желтоқсанда болған жағдайды ешкім де қайталағысы келмейді деп ойлаймын, - деді Әлия Жакупова 2011 жылы желтоқсанда бірнеше айға созылған мұнайшылар ереуіліне полицияның оқ атып, қантөгіске ұласқанын еске алып.

2 қыркүйекте Жаңаөзенде жүзге жуық қала тұрғыны әкімдік маңына жиналып, Қазақстан билігінің Қытаймен бірігіп, ел территориясында өндіріс, құрылыс, ет пен дақылдар өңдеу және басқа шаруашылық салалары бойынша 55 зауыт салу туралы шешіміне қарсылық білдірген. Олар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жариялап, Қытай сапарынан бас тартуға шақырған.

3 қыркүйекте Жаңаөзенде тұрғындар тағы да жергілікті әкімдік алдына жиналды. Қала әкімі Әділбек Дауылбаев пен прокуратура, полиция өкілдері тұрғындарды "заң аясында қимылдауға" шақырды. Бүгін Жаңаөзенге барған Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов Қазақстанда Қытай зауыттары салынбайды деп мәлімдеді. Жиналғандар оны тыңдамады.

Қытайдың Шыңжаң аймағында этникалық азшылық өкілдері, соның ішінде қазақтардың да қысым көріп жатқаны жайлы хабарлардан кейін соңғы айларда Қазақстанда Қытай саясатына қарсы көңіл-күй күшейген. Өткен жылы БҰҰ Шыңжаңда билік миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін Қытайдың солтүстік-батысындағы "саяси тәрбиелеу лагерьлерінде" мәжбүрлеп ұстап отырғаны туралы мәлімдеген. Этникалық азшылық өкілдеріне қысым жайлы хабарларды жоққа шығарған Пекин Шыңжаңдағы саясатын "экстремизмге қарсы шара" деп атап, әлгіндей лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын " орталықтар деп түсіндірген.

Бұған дейін Ақорда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11-12 қыркүйекте Қытайға алғашқы ресми сапарымен баратыны туралы хабарлаған. Тамыздың соңында Нұр-Сұлтанда Қытай елшісімен кездескен Тоқаев бұл сапарды "қазақ-қытай қатынасындағы маңызды оқиға" деп сипаттап, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Пекин мен Нұр-Сұлтан арасында "халықаралық күн тәртібіне қатысты барлық мәселе бойынша ашық әрі сындарлы диалог орнағанын" айтқан.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы сәуірде Қытай басылымдарына берген сұхбатында Қытайдың Қазақстандағы 55 ірі жобасының 15-і жұмысын бастағанын, 11 нысан биыл пайдалануға берілетінін айтқан.

Қытай - Қазақстанға ең көп инвестиция құятын - төртінші, ең көп қарыз беретін үшінші ел. Қытай Қазақстанды шикізат көзі, сауда нарығы және транзит аймағы ретінде пайдаланады. Былтыр Қытай Қазақстанға екі миллиард 62 миллион юань көлемінде кредит берген. Қазақстанның Қытайға қарызы 12 миллиард доллардан асады.


  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

  • 16x9 Image

    Жаңагүл ЖҮРСІН

    Жаңагүл Жүрсін - Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі. 1975 жылы 16 желтоқсанда дүниеге келген. 1996 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевидениесінен бастап, әр жылдары осы өңірдегі түрлі БАҚ-та тілші, редактор, бас редактор қызметін атқарған. Азаттықпен 2011 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG