Accessibility links

Ақтау прокуратурасы қасына келгендер "саяси тұтқындарды" босатуға шақырды


Түрмеде отырған Мұхтар Жәкішевке бостандық беру туралы талап жазылған плакат.

10 қыркүйекте Ақтау қаласында бір топ белсенді бейбіт акция өткізуге қауіпсіздік органы өкілдері мүмкіндік бермеген соң аймақтық прокуратураның қасына барып, құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған азаматтарға бостандық беруді талап етті. Ақтаулық белсенділер сейсенбі күні түстен кейін Өскеменде сот апелляциялық шағымын қарағалы отырған "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті, он жылдан астам уақыт түрмеде отырған Мұхтар Жәкішевті қолдап акция өткізбекші болған.

Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған видеода прокуратура маңына келген кей белсенділердің билікке талаптарын жария етіп тұрғаны, өзге белсенділердің бейбіт акцияны өткізулеріне мүмкіндік беруін сұрап, прокуратура өкілдеріне акция мақсатын түсіндіріп жатқаны көрінеді. Кей белсенділер Мұхтар Жәкішевтің суреті мен оны қамаудан босатуға шақырған үндеу жазылған плакаттар ұстап тұр. Прокуратура алдына келгендердің арасынан бірі "саяси тұтқындар" мәселесімен бірге "Қытай экспансиясы тоқтатылсын" деген талап айтты. Өткен аптада Жаңаөзен қаласында алаңға жиналған жүзге жуық жергілікті тұрғын Қазақстанда Қытаймен бірлескен "55 жобаны" іске асыруға қарсылық білдіргеннен кейін елдің бірнеше қаласында оларды қолдау акциялары өткен.

Азаматтық белсенді Айгүл Ақберді акцияға қатысушыларды ешкім ұстамағаны, бірақ шара өткізуге бара жатқан оларды билік өкілдері тоқтатқаны туралы Facebook-тегі парақшасында хабарлады. Күш құрылымдары қызметкерлерінің кей белсенділерден плакаттарын тартып алғаны видоеға түсіп қалған. Өзін басқарма бастығының орынбасары Серік Әділов деп таныстырған адам жергілікті биліктің рұқсатсынсыз акция өткізу заңсыз саналатынын ескерткен.

10 қыркүйекте Мұхтар Жәкішев пен өзге де "саяси тұтқындарды" босатуды талап еткен акция Алматыда да өтті. Оған қатысушылар журналистерге акция күні бойы жалғасатынын айтты.


2009 жылы қамауға алынған Мұхтар Жакішев кейін жемқорлық айыбымен 14 жылға сотталған. 2018 жылғы қыркүйектің соңында жазасының үштен екісін өтегеннен кейін Жәкішевтің мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығу туралы өтініш беруіне мүмкіндік туған.

24 шілдеде Семей қалалық соты Жәкішевтің мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығаруды сұрап берген өтінішін қанағаттандырудан екінші рет бас тартқаннан кейін Қазақстанда құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған азаматтарды босатуды биліктен талап еткен акциялар жиі өте бастады. Бұған дейін Жәкішевтің апелляциялық шағымын қарауды бірнеше рет кейінге шегерген Шығыс Қазақстан облыстық соты соңғы рет тұтқынның шағымы бойынша сот отырысы 10 қыркүйекте жергілікті уақытпен сағат 16:00-да басталады деп хабарлаған.

9 қыркүйекте Женевада Біріккен Ұлттар Ұйымы адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 42-сессияның ашылуында БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелет "Қазақстанда саяси тұтқын саналатын азаматтарды қамауда ұстау мен оппозицияның бейбіт жиналуын шектеу шынайы және ашық диалогқа кедергі келтіреді" деп мәлімдеді.

Қазақстандық бірнеше құқық қорғаушы ұйым 2013 жылы Мұхтар Жәкішевті "саяси тұтқын" деп таныған. Олардың пікірінше, Жәкішев Қазақстан билігін сынаушы бұрынғы банкир, 2009 жылдан бері шетелде тұратын Мұхтар Әблязовтің байырғы досы болғандықтан қуғынға ұшыраған.

Қазақстан билігі Мұхтар Жәкішевтің ісінің саяси астары және елде саяси тұтқындар барын жоққа шығарады. Құқық қорғаушылар түрмеде Жәкішевтің денсаулығы нашарлағанын бірнеше рет мәлімдеген. 2018 жылы мамырда тұтқын Мұхтар Жәкішевке үшінші топтағы мүгедектік берілген.

2015 жылы Жәкішевтің шағымын қараған Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары жөніндегі Комитеті оның құқығы бұзылғанын растап, Қазақстан билігін тұтқынды босатуға шақырған.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Коронавирус деген не? Бүлдіршіндерге түсіндіреміз
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:41 0:00
XS
SM
MD
LG