Accessibility links

Мәжіліс киберқылмыспен күрес бойынша алты елмен әріптестік орнатуды мақұлдады


Мәжіліс ғимараты. Көрнекі сурет.
Мәжіліс ғимараты. Көрнекі сурет.

Қазақстан парламентінің мәжілісі 2 қазан күні пленарлық отырыс кезінде киберқылмыспен күрес бойынша ТМД-ның алты мемлекетімен әріптестік орнатуды мақұлдады. Бұл келісімге өткен жылы 28 қыркүйекте Душанбеде Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресей қол қойған. Әзербайжан, Түркіменстан, Украина және Молдова қол қоймаған.

Заң жобасы авторларының айтуынша, бұл келісім жүзеге асса, оған қол қойған мемлекеттер арасында "ақпараттық технология саласында қылмысты ескерту, анықтау, жолын кесу, ашу және зерттеу бойынша" әріптестік нығая түспек.

Заң жобасын мәжілісте таныстырған Қазақстанның ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаевтың айтуынша, келісім бұған қоса, "ақпараттық технология саласында әзірленген немесе толық жүзеге аспаған қылмыстар жайлы" ақпарат алмасуды да қарастырады. Келісімге үкіметтер қол қойғаннан кейін оның атқарылуына жауапты құзыретті органдардың тізімі анықталады.

Қазақстан үкіметі бірнеше жылдан бері "киберқауіпке қарсы күрес шарасына" аса көп қаржы бөліп келеді. 2018 жылы күш құрылымдарына "әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы қауіп төнгенде немесе төтенше жағдай болғанда" интернет пен байланыс жүйесін бұғаттау құқығы берілген.

Биыл шілде айында қазақстандықтар "қауіпсіздік сертификатын орнатып алу" туралы хабарлама ала бастаған кезде Қазақстан билігі "ақпараттық қауіпсіздік" туралы айтқан. Нұр-Сұлтан сертификат орнату бастамасын интернет қолданушыларын желідегі қауіптерден, сайттарды ықтимал шабуылдардан, балаларды жағымсыз контенттен қорғау мақсатымен түсіндірген.

Отандық және шетелдік сарапшылардың көбі сертификат ішіне жасырылған технология билікке интернет қолданушының жеке дерегін алуға мүмкіндік береді деп, билік бастамасын сынға алған. Apple, Google мен Mozilla "азаматтардың жеке дерегіне қол сұғуға жол бермейміз" деп, қазақстандық "қауіпсіздік сертификатын" бұғаттады. Қазақстанда сертификаттың енгізілуіне қарсы бірнеше наразылық акциясы өтіп, қолданушыларға хабарлама жібергені үшін байланыс операторының үстінен сотқа шағым бергендер де болды.

Халықаралық ұйымдар мен азаматтар сынынан соң, 6 тамызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік сертификатын сынақтан өткізуге өзі бұйрық бергенін айтты. Ол "Қазақстанның ақпараттық кеңістігін "сыртқы шабуылдардан" қорғау мақсатында "Киберқалқан" бағдарламасы аясында қауіпсіздік сертификаты сынақтан өтті. Сынақ сәтті аяқталды" деп жазды.

Халықаралық Freedom House құқық қорғау ұйымы Қазақстанды "интернеті еркін емес" елдер қатарына енгізген. 2018 жылы Қазақстан 65 елдің арасында 46-орында тұрдыі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG