Accessibility links

CNPC басшыларымен кездескен Тоқаев қазақстандық жұмысшылардың жалақысы туралы айтты


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қытайлық CNPC корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Вань Илинмен кездесіп, мұнай-газ саласында жұмыс істейтін қазақстандық жұмысшылардың жалақысы мәселесін қозғады. Тоқаев пен Илиннің кездесуі жайлы ақпаратты Ақорда хабарлады.

Тоқаев қытайлық компания басшыларымен кездесу кезінде "қазақстандық жұмысшылардың жалақысын өсіру, олардың айлығын шетел қызметкерлеріне төленетін жалақы деңгейімен теңестіру", "тауар сатып алу және қызмет көрсету ісінде қазақстандық өнімнің үлесін арттыру" сияқты бірнеше міндет қойған.

CNPC - Қазақстанда мұнай-газ кеніштерін игерумен айналысатын қытайлық компания. Оның Қазақстаннан бөлек, өзге елдерде де бөлімшелері бар. Шетелден келетін мамандармен салыстырғанда бірнеше есе аз айлық алатынын айтқан жергілікті мұнайшылар жыл басынан бері бірнеше рет наразылыққа шыққан.

20 қыркүйекте Маңғыстау облысы Қаражанбас кенішінде "Мобил сервис групп" компаниясының 160-тан астам жұмысшысы жалақыларын кемінде екі есеге көбейтуді талап етіп, жұмысын тоқтатқан.

Маңғыстау облысында Қарақұдықмұнай және Солтүстік Бозащы кеніштеріндегі ұңғымаларды жөндеумен айналысатын халықаралық "СИНОПЭК Қазақстан" мұнай сервистік компаниясының Ақтау бөлімшесінің ондаған жұмысшысы 24 қыркүйекте жалақыларын жүз пайызға көбейтуді талап еткен.

Қазан айында Ақтөбеде "Восток нефть и сервисное обслуживание" компаниясы бірнеше аптаға созылған жұмысшылар наразылығынан кейін кәсіпорында ең ауыр жұмыс істейтін жергілікті жұмысшылардың жалақыларын өсіруге келіскен.

Қазан айының соңында Маңғыстау облысында "Бозащы Оперейтинг" компаниясының 180 жұмысшысы жалақыларын 100 мыңға өсіруді талап еткен. Компания өкілдері мәселені "акционерлермен бірге қарауға" уәде берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG