Accessibility links

Жұмысшылар наразылығынан соң Қытай компаниясы жалақыны өсірді


"Восток нефть и сервисное обслуживание" компаниясының бас директоры Чжан Баоцзюнь (ортада) еңбекақыны көтеруді талап еткен жұмысшылармен сөйлесіп тұр. Ақтөбе, 11 қазан 2019 жыл.
"Восток нефть и сервисное обслуживание" компаниясының бас директоры Чжан Баоцзюнь (ортада) еңбекақыны көтеруді талап еткен жұмысшылармен сөйлесіп тұр. Ақтөбе, 11 қазан 2019 жыл.

Ақтөбе облысында жұмыс істеп жатқан Қытайдың "Восток нефть и сервисное обслуживание" компаниясы жергілікті жұмысшылардың еңбекақысын көтеруге келісті. Өндірістегі ең ауыр жұмысты атқаратын жергілікті жұмысшылар бұл өзгерісті жылдар бойы күткенін айтады.

Ақтөбеде бірнеше айға созылған еңбекақы дауынан кейін Қытайдың "Восток нефть и сервисное обслуживание" (құжат бойынша ресми атауы) компаниясы жұмысшылардың жалақысын көбейтті. Биылғы қазан айынан бастап жергілікті жұмысшылардың дәрежесіне қарай еңбекақысына 25-50 пайыз аралығында қосымша ақша қосылады деп хабарлады қазанның 16-ы күні компания өкілі Азаттыққа.

ЖЕРГІЛІКТІ ЖҰМЫСШЫЛАР ТАЛАБЫ

Жасұлан Қанбалиев Ақтөбе облысындағы кеніштерде мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылаумен айналысатын қытайлық компанияда жеті жылдан бері бұрғылаушының көмекшісі болып істейді. Азаттық тілшісімен әңгімеде Қанбалиев еңбекақыны көбейтуді талап еткен жергілікті жұмысшылардың наразылығынан кейін компания басшылығы олардың жалақысын 2019 жылғы қазан айынан бастап көтеруге келіскенін хабарлады.

"Восток нефть и сервисное облслуживание" компаниясының жұмысшылары. Ақтөбе, 11 қазан 2019 жыл.
"Восток нефть и сервисное облслуживание" компаниясының жұмысшылары. Ақтөбе, 11 қазан 2019 жыл.

Осыған дейін 120 мың теңге (308 доллар) алып келгенін айтқан Қанбалиевтің есебінше, оның бұрынғы жалақысына 50 пайыз ақша қосылуы тиіс.

- Бұрғылаушының көмекшісі деген өте ауыр жұмыс. Аптап ыстық пен қақаған аязға қарамастан бейнетке белшеден батып жүрміз. Мысалы, мен 4-разрядты жұмысшымын. Өз ісіңмен айналысып жатсаң, бастықтар келіп: "Бір "Камаз" химия келді, соны түсіріп тастаңдар!" деп бұйырады. Жүк түсіруші де бола саламыз, бұрғылау қондырғысын да монтаждай қоямыз, қысқасы, екі-үш адамның жұмысын тартынбай істей береміз. Сөйте тұра жұмыс беруші осы кезге дейін жалақымыз аз деген сөзге мүлдем құлақ аспай келді, - деді Жасұлан Қанбалиев қазанның 16-сы күні Азаттық тілшісіне.

"Восток нефть и сервисное обслуживание" компаниясы жұмысшылары жалақыны көбейту туралы талапты 2018 жылдың соңынан бастап айтып келді. Компания 2019 жылғы қаңтарда жұмысшылар жалақысын 9 пайызға көтерген. Қыркүйекте жұмысшылар жалақысын 20 пайызға өсірген. Мұны азсынған жұмысшылар жалақыны 50 пайызға көбейтуді талап етті.

Қазанның 11-і күні компанияның Ақтөбедегі бас кеңсесіне келген елуден астам жұмысшы еңбекақыны 50 пайызға көтеру туралы талаптарын қайталап, басшылыққа наразылығын жеткізді. Компанияның бас директоры Чжан Баоцзюнь жұмысшылар "талабы орынды" екенін, бірақ қазір қаржылық ахуалы күрделі болғандықтан жалақыны тек 5 пайызға ғана көбейте алатынын айтқан. Екі тарап келісімге келе алмай тарасқан болатын. Сол күні компания жұмысшылары Жаңажол, Кеңқияқ пен Северная трува кеніштеріндегі жұмысты тоқтатқаны белгілі болды.

Қытай компаниясы жұмысшыларының талабы (11 қазан 2019 жыл)

Мұнай компаниясының жұмысшылары жалақы өсіруді талап етті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:43 0:00


"Восток нефть и сервисное обслуживание" компаниясындағы жалақының аздығына наразылық білдірушілердің барлығы Қазақстан азаматтары. Олар компаниямен арадағы еңбекақы дауын шешуге жәрдем сұрап, жергілікті билік орындарына жүгінген.

- Ынталы топ құрып, әкімдікке де, еңбек инспекциясына да, кәсіподаққа да бардық. Нәтиже болмады. Бас кеңсе мен әкімдікке қайта-қайта шұбырып бара берген соң прокуратура жиырма шақты адамға: "Митинг өткізіп, арандап қалмаңдар. Пиғылы жаман адамдар көп. Елдің тыныштығын бұзбаңдар!" деп ескерту жасады. Әу бастан ондай ойымыз жоқ, айлығымыз шайлығымызға жетпей жүріп саясат немізді алған?! - дейді өзін Нұржан деп таныстырған компания жұмысшысы.

Қазан айынан бастап Нұржанның жалақысына дәрежесіне қарай 40 пайыз ақша қосылған. Нұржан өзі секілді жүздеген жұмысшының талабын компанияның Ақтөбедегі басшылары екі ай бойы өз беттерінше шеше алмағанын айтады.

ПЕКИННЕН КЕЛГЕН ДЕЛЕГАЦИЯМЕН КЕЛІССӨЗ

Ақтөбеге Пекиннен келген делегация өкілдері қазанның 14-і күні жергілікті билікпен келіссөз жүргізгені туралы Азаттыққа Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов айтты. Оның сөзінше, облыстық әкімдік жұмысшылар наразылығы үдей түскеннен кейін Пекиннен келген комиссияға мәселені жүйелі түрде зерттеп, тарифтерді қайта қарауды ұсынған.

- Пекиннен келген делегациямен ұзақ әрі күрделі келіссөз жүргізілді, - дейді Бекенов.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов (ортада) еңбекақыны көтеруді талап еткен жұмысшылармен сөйлесіп тұр. Ақтөбе, 11 қазан 2019 жыл.
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов (ортада) еңбекақыны көтеруді талап еткен жұмысшылармен сөйлесіп тұр. Ақтөбе, 11 қазан 2019 жыл.

Қазанның 16-сы күні "Восток нефть и сервисное обслуживание" компаниясының бас директоры Чжан Баоцзюнь Азаттық тілшісіне жазбаша берген жауабында жұмысшылардың дәрежесіне қарай еңбекақы көлемін 25-50 пайыз аралығында өсіру туралы шешім қабылданғанын хабарлады.

"Бұрғылаушылардың көмекшілері мен дәнекерлеушілердің жалақысы қазаннан бастап 50 пайызға өсті. Сол сияқты лаборант-коллекторлардың жалақысына 40 пайызға, бұрғылаушы қондырғының машинисінің айлығы 30 пайыз, бұрғылаушылардың еңбекақысына 25 пайыз қосылды. Жалақы көбейгеннен кейін Жаңажол, Кеңқияқ пен Северная трува кеніштеріндегі бұрғылаушы бригадалар қазанның 16-сы күні қайта жұмысқа кірісті" дейді компания басшысы.

Чжан Баоцзянь бұған қоса ұңғыма санына қарай жұмысшыларға ай сайын сыйақы берілетінін, компанияның өзге де тапсырыс берушілерді іздеп, Атырау облысынан жұмыс көздерін ашып жатқанын айтты.

"Восток нефть и сервисное обслуживание" жауапкершілігі шектеулі серіктестік - 100 пайыз акциясы Қытайдың Xibu (Сибу) корпорациясына тиесілі компания. "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясының тапсырысымен Ақтөбе облысындағы бірнеше кеніште мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылаумен айналысады. Чжан Баоцзяньның мәліметінше, компаниядағы 1200 адамның он пайызы шетелдік мамандар.

ШЕТЕЛДІК ЖҰМЫС КҮШІН АЗАЙТУ ТАЛАБЫ

Қытай компаниясы мен жергілікті жұмысшылар арасындағы еңбекақыға байланысты дауға Ақтөбе облысының әкімдігі де араласқан.

- Екі айға созылған жұмысшылар наразылығы облыс әкімдігін медиатор ретінде әрекет қылуға мәжбүрледі. Негізі бұл әкімдік араласатын шаруа емес еді. Жалақы компанияның ішкі резерві есебінен көтерілетін болды. Бірақ барлық жұмысшының жалақысы 50 пайызға өскен жоқ. 316 адамның жалақысы дәрежесіне байланысты 50 пайызға көбейді, - дейді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.

Барлық жұмысшының жалақысы 50 пайызға өскен жоқ. 316 адамның жалақысы дәрежесіне байланысты 50 пайызға көбейді.


Облыс әкімдігінің мәліметінше, жұмыс беруші табысының тапсырыс берушіге, яғни"СНПС-Ақтөбемұнайгазға" тәуелді екенін алға тартқан. "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясы бұрғылаушы компанияға әр ұңғыма үшін белгілеген тарифтерді он жылдан бері өзгертпеген. Қайрат Бекенов бұл осы аймақтағы сервистік компаниялардың бәріне ортақ проблема екенін айтады.

Әкімдіктің мәліметінше, кеніштегі ең ауыр жұмысты істейтін де, ең аз жалақы алатын да жергілікті жұмысшылар. Компания шақыртуымен Қытайдан келген мамандар басшылық, инженерлік қызмет атқарады. Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов шетелдік және жергілікті мамандар бірдей жұмыс істесе, жалақысы да деңгейлес болатынын айтады.

- Біз Ақтөбе өңірінде бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан компанияларға шетелдік жұмыс күшін азайту талабын қойып отырмыз. Әсіресе, үшінші және төртінші категориялы жұмысшыларды жергілікті тұрғындармен алмастырудың еш қиындығы жоқ. Бұрын облыста 1600 шетелдік жұмысшы бар болатын. Қазір 970 адам қалды, - дейді Бекенов.

Әкімдіктің дерегінше, Ақтөбе облысында 7 трансұлттық компания жұмыс істеп жатыр. Биылғы жылы 7 айда облысқа 500 млрд теңге инвестиция салынған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG