Accessibility links

ЕО кеңесі Қазақстанмен әріптестік туралы келісімді ратификациялауды аяқтады


Еуропа Одағының Қазақстандағы өкілдігі алдында наразылық жасаған белсенділер. Нұр-Сұлтан, 27 қараша 2019 жыл.
Еуропа Одағының Қазақстандағы өкілдігі алдында наразылық жасаған белсенділер. Нұр-Сұлтан, 27 қараша 2019 жыл.

Еуропа Одағы кеңесі 20 қаңтарда Қазақстанмен етене жақын әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялауды аяқтады. Еуропа Одағы кеңесіне төрағалық ететін Хорватияның сыртқы және Еуропа істері жөніндегі министрі Гордон Грлич Радман мәлімдеме жасап, Еуропа Одағына мүше барлық мемлекеттер мен Еуропа парламенті қабылдаған бұл келісім 1 наурызда күшіне енетінін айтты. Бұл ақпаратты ресми БАҚ хабарлады.

2015 жылы желтоқсан айында Қазақстан мен Еуропа Одағы Нұр-Сұлтанда етене жақын әріптестік пен ынтымақтастық келісімін бекіткен. Келісімде қарым-қатынастың 29 саласы қамтылған: халықаралық, аймақтық қауіпсіздік пен қарусыздану сияқты саяси мәселелерден бастап, сауда, инвестиция, инфрақұрылымды дамыту сияқты сауда-экономикалық мәселелер және инновациялар, мәдениет, спорт пен туризм, құқық қорғау саласы бар. Еуропа парламенті келісімді 2017 жылы желтоқсан айында мақұлдады.

Құқық қорғаушылар Қазақстан адам құқығын сақтап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеген жағдайда ғана ЕО Нұр-Сұлтанмен келісім жасауы тиіс деген.

20 қаңтарда Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді "Қазақстан - Еуропа Одағы" ынтымақтастық кеңесінің 17-отырысына қатысқан. Еуропа делегациясына Гордон Грлич Радман жетекшілік еткен. Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, келіссөз Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы "саяси-экономикалық әріптестіктің болашағын" талқылауға арналған.

Қараша айының соңында ондаған адам Еуропа Одағының Нұр-Сұлтандағы өкілдігіне барып, ЕО дипломаттарымен кездесуге тырысқан. Олар елде азаматтардың құқықтары мен бостандықтары сақталсын деп талап етіп, дипломаттарды Қазақстан билігіне қысым жасауға шақырған.

26-27 қараша күнгі наразылыққа қатысқандардың басым бөлігі кейінірек 10-15 тәулікке қамалды, кейбіріне айыппұл салынды. Қаңтар айында сот белсенділердің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG