Accessibility links

"Қоғамды оятқан" қайғы. Бес қыздың қазасынан кейінгі бір жыл


Қазақстан астанасында өртенген уақытша баспана. 4 ақпан 2019 жыл.
Қазақстан астанасында өртенген уақытша баспана. 4 ақпан 2019 жыл.

2019 жылы ақпанның 4-і күні Қазақстан астанасында халық бір отбасының бес қызын бірдей жерледі. Олар көмірмен жылынатын жер үйден шыққан өрттен қаза тапқан. Бұл қайғылы жағдай мемлекеттің әлеуметтік мәселелерін айқын көрсетіп, көпбалалы әйелдердің наразылығына ұласты. Осы оқиғадан кейінгі бір жыл ішінде не өзгерді?

Бақыт, Алина, Сабина, Элина мен Альбина. Ситер отбасындағы қыздардың кенжесі небәрі тоғыз айлық, ал үлкені 12 жаста еді. Тура бір жыл бұрын қыстың суық түні ел астанасына жақын орналасқан Көктал-1 елдімекенінде бес қыз өрттен қаза тапты. Өрт сөндірушілер олардың денесін жанып кеткен жер үйдің қираған бөліктерінің астынан алып шықты. Қыздардың ата-анасы Евгений мен Жанымгүл Ситер өрт шыққанда жұмыста болған.

Нұр-Сұлтанда опат болған қыздарды жерлеу рәсіміне жүздеген адам жиналды. Көмек қолын созғысы келгендер қыздардың ата-анасына ақша аудара бастады. Жергілікті мешіт Ситер отбасына пәтер сатып алып берді.

Қайғылы оқиға қазақстандықтардың мемлекеттік әлеуметтік саясатқа қатысты ашу-ызасын туғызды. Әлеуметтік желі қолданушылары еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрін отставкаға жіберуді талап етіп, Нұр-Сұлтан мен өңірлердегі көпбалалы аналар әлеуметтік қолдаудың жеткіліксіздігін айтып, наразылыққа шықты. Бірқатар әйел үкіметті ауыстыруды сұрады. Сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуін талап еткендер де табылды.

Видео: Аналар "пайдасыз бағдарламалардан шаршаған". 4 наурыз 2019 жыл.

Аналар "пайдасыз бағдарламалардан шаршаған"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:03 0:00

Қазақстандық адвокат Гүлнәр Жуаспаева өткен жылғы қайғылы оқиға "адамдардың санасына әсер етіп, мемлекеттің әлеуметтік саясаты жұмыс істемейтінін көрсетті" деп есептейді.

– Бұл оқиға билеуші элита мен қарапайым халық арасында жер мен көктей айырмашылық барын көрсетті. Бес қыздың қазасы арқылы адамдар жалдамалы үйлерде тұратын, балаларын жалғыз қалдырып, түнде де жұмыс істеуге мәжбүр көпбалалы отбасылардың қандай қиын жағдайда өмір сүріп жатқанын білді, – дейді адвокат.

Өрттен кейін екі жарым аптадан соң үкімет отставкаға кетті. Бір айдан кейін елді 30 жылға жуық басқарған Назарбаев президенттік өкілетінен бас тартып, оның орнына өзі қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаев президент болды. Билік әлеуметтік реформалар қолға алынатынын мәлімдеді. Аз қамтылған отбасыларда бір балаға берілетін жәрдемақы көлемі 21 мың теңгеге дейін өсті. Үкімет 800 мың адамды мекенжай бойынша берілетін атаулы әлеуметтік көмекпен қамту жоспарланғанын хабарлады. Бірақ өткен жылдың соңында арнаулы әлеуметтік көмек алғандар саны жоспардағыдан үш есе көп – шамамен 2,2 миллион адам болып шықты. Бұл деректер энергетикалық ресурстарға бай Қазақстанда кедейлік шегінде тұратын адамдар туралы жағымсыз статистиканы көрсетті.

Жылдың екінші жартысында – алдын-ала күтілгендей Тоқаев жеңіске жеткен кезектен тыс президент сайлауынан кейін жоғары шенді шенеуніктер (оның ішінде Тоқаев та бар) халық арасында масылдық көңіл-күй өсе бастағанын айтып, атаулы әлеуметтік көмек беру шарттарын қайта қарауды ұсынды. Бұл көмек адамдарды "тойшыл өмірге емес", еңбекке ынталандыру керек деген пікір айтылды. Біраз уақыттан кейін әлеуметтік қамсыздандыру бойынша заң қайта қаралды. Төлемдер мен жәрдемақы тағайындаудың жаңа тәртібі көп адамға ұнаған жоқ. Әйелдер тағы да президент резиденциясы мен үкімет ғимаратының алдына наразылыққа шықты.

"ЕШТЕҢЕ ӨЗГЕРГЕН ЖОҚ"

Ел астанасында тұратын жеті баланың анасы Гүлзада Абдраманова — көпбалалы отбасыларды қолдауды сұрап, наразылық шараларына қатысып жүрген ондаған әйелдің бірі. Абдраманова көпбалалы ана ретінде 53 мың теңге, "Күмiс алқа" белгісі үшін 16 мың теңге жәрдемақы алады. Ол наразылық акцияларына "өзі үшін емес, бұрынғыша кедейлік шегінде өмір сүріп жатқан көпбалалы отбасылар үшін" шығып жүргенін айтады.

– Аналар жаппай наразылық акцияларына шыға бастағанда үкімет орнынан қозғалып, біраз өзгеріс болатындай көрінді. Бес-алты айдан кейін [вице-премьер] Бердібек Сапарбаев сияқты шенеуніктер бәрін баяғы қалпына түсірді. Не үкімет, не басшылар көпбалалы отбасылардың жағдайын ойламайды. Биліктің заңсыз төленді деп тапқан арнаулы әлеуметтік көмегін қайтарып алып жатқанын қоспағанда, ештеңе өзгерген жоқ. Мемлекет көпбалалыларға, үйінде мүгедек адамы бар отбасылар мен жалғызілікті аналарға шынымен көмектеспейінше, наразылық акциясына шығуды жалғастыра береміз. Өйткені халықтың негізгі бөлігі жалақыдан жалақыға қарызданып зорға жетеді, – дейді Гүлзада Абдраманова.

Оның айтуынша, билік әлеуметтік желіде фейк аккаунттар арқылы наразы аналарды "қайыршы", "жатыпішер" деп атап, олардың арасына іріткі салуға тырысқан. Аналардың наразы тобына мүше әйелдердің біріне ашық көмектесіп, енді бірін қудалау арқылы оларды бір-біріне қарсы қоймақ болғанын да айтады.

Наразылар жаппай ұсталып, батыс бақылаушылары көп заңбұзушылықтар болды деп бағалаған сайлаудан кейін Тоқаевтың бастамасымен "қоғаммен диалог орнату" үшін құрылған "Ұлттық сенім кеңесінің" мүшесі, белсенді Арман Шораев бес қыздың қазасы үкіметті біраз қадамға баруға итермелегенімен, бұл шараларды салмақты әлеуметтік қолдау деп атауға болмайтынын айтады.

– Бұл – жеңіл-желпі, қызметтік тәртіп бойынша қолға алынған шаралар. Мемлекеттің әлеуметтік саясатын жақсартатын ешқандай түбегейлі өзгеріс болған жоқ, – дейді Арман Шораев.

ҚАЙҒЫДАН САБАҚ АЛДЫҚ ПА?

Шораевтың пікірінше, билік көпбалалылар мәселесін алдағы бірнеше жылда шешуге мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарлама қабылдаған жоқ. Ол әлеуметтік салаға жауапты шенеуніктердің бұл бағытта ондаған жыл бойы жұмыс істеп келе жатқанын, соған қарамастан, "креативті ештеңе ойлап таба алмайтынын" айтады.

– Олардың жұмысы осы қайғыға әкеп соқты деуге болады. Бәрін жұмыстан шығарып, жас мамандар жинау керек. Басқа қырынан қарағанда, бұл қайғы қоғамды оятты. Бұрын-соңды қақаған аязда өткен жерлеу рәсіміне мыңдаған адам жиналған емес. Бұл біздің азаматтар біреудің қайғысын бөлісіп, жанашырлық таныта алатынын көрсетті. Біздің елдегі ең мықты нәрсе де осы шығар, – дейді Шораев.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев билік қайғылы оқиға болғаннан кейін ғана реакция білдіретінін, бірақ одан сабақ алмайтынын айтады.

– Қазақстанда жаман ештеңе болмайынша, билік орнынан қозғалмайды. Жоғарыдан қатты мәлімдемелер жасап, кінәлілерді жазалауды талап етеді. Билік шу басылып, шиеленіс тарқағанша күте тұруды құп көреді. Содан кейін қоғамдық ашу-ыза басылады да, бәрі бұрынғы қалпында қалады. Осыдан наразылық туады, – дейді Сәтпаев.

Оның айтуынша, өткен жылы осы қайғылы оқиғадан кейін мұндай жағдай қайталанбасын деген мақсатта көтерілген барлық жақсы бастаманы "бюрократиялық аппарат құлықсыз, бірнәрсе өзгерту ниетінсіз" қабылдаған.

– Нәтижесінде елдің ең үлкен мәселесі – Назарбаев құрған, бір нәрсені тез әрі тиімді өзгертуге қабілетсіз мемлекеттік басқару жүйесі екенін көріп отырмыз. Бұл аппарат ескірді. Ол басқаша жұмыс істей алмайды, істегісі де келмейді. Грузиядағыдай, мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі және толық өзгертпейінше Қазақстанда ештеңе болмайды, – дейді саясаттанушы.

Видео: Жәрдемақы жүйесіне наразы әйелдер билікке барды. 13 қаңтар 2020 жыл.

"Тоқаев!" Жәрдемақы жүйесіне наразы әйелдер билікке барды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:21 0:00

Америкалық зерттеуші және Карнеги орталығының сарапшысы Пол Стронски өткен жылғы қайғылы оқиғадан кейін Eurasianet.org сайтына жазған мақаласында "бұл жағдай елде жылдар бойы жинақталған әлеуметтік мәселелерді, мұнайдан түскен табыстың тең бөлінбейтінін және билік пен халық арасындағы алшақтықтың ұлғайып бара жатқанын көрсетті" деп жазған. Сарапшының пікірінше, Қазақстандағы ірі ақша шағын топтарға біріккен элитаның қолында және Алматы мен Нұр-Сұлтан сияқты екі қалада шоғырланған. Ал билік назарынан тыс қалған ауылдық өңірлердің халқы аталған екі қалаға ағылады.

Ауылдан келгендердің көбі қала шетіндегі елдімекендерге қоныстанады. Онда өмір сүруге қолайлы жағдай жасалмағанымен, тұрғындардың мегаполисте жұмыс істеу мүмкіндігі бар.

Ел астанасында болған қайғылы оқиғадан кейін тура бір жылдан соң, ұқсас жағдай Алматы түбіндегі ауылда қайталанды. Ақпанның 3-і күні Өстемір ауылында болған өрттен үш және төрт жастағы екі бала қаза тапты. Ата-анасы бұл кезде үйде болмаған: әкесі қалаға жұмыс іздеуге, ал анасы ұлы мен қызын сыртынан жауып, дүкенге кеткен.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG