Accessibility links

Мақсат Халық: "Кедейі көбейген қоғам әлеуметтік көмекке аса зәру"


Халықты жұмыспен қамту орталығында атаулы әлеуметтік көмекке өтініш беруге келген аналарға сол кездегі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова (ортада) құжат тапсыру тәртібін түсіндіріп тұр. Нұр-Сұлтан, 12 сәуір 2019 жыл. Көрнекі сурет.

Үкімет алдағы жылдан бастап көп балалы отбасыларға жәрдемақы мөлшері көбейіп, табысы аздарға атаулы әлеуметтік көмек беру механизмі өзгеретінін хабарлады. Азаттыққа сұхбат берген экономист Мақсат Халық билік кедей санын аз етіп көрсету үшін ең төменгі күнкөріс деңгейін көтермей отыр деп санайды.

Қазанның 7-і күні Нұр-Сұлтанда өткен үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов әзірленген заң жобасында 2020 жылдың қаңтарынан бастап балалары 18 жасқа толмаған көп балалы отбасыларға табысына қарамастан 42 500 теңгеден 73 375 теңгеге дейін (109-187$) жәрдемақы беру қарастырылғанын хабарлады. Оның сөзінше, жәрдемақы әр балаға шамамен 10-11 мың теңгеден есептеледі.

Видео: Үкімет төрт балаға - 42 мың, жеті балаға 73 мың теңге төлеуді ұсынды

Үкімет төрт балаға - 42 мың, жеті балаға 73 мың теңге төлеуді ұсынды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:28 0:00

Әлеуметтік көмектің жаңа механизмі бойынша жәрдемақының нақты көлемі өңірлердің ерекшеліктеріне қарай өзгереді деп хабарлады еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Егер көп балалы отбасылар табысы аз жанұялар қатарына енсе, оларға жәрдемақыдан өзге атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) те беріледі. Атаулы әлеуметтік көмек күнкөріс минимумының 70 пайызы деңгейінде сақталады. Алайда мұндай отбасылардағы жұмысқа жарамды адамдардың барлығы әлеуметтік келісімшарт арқылы еңбекпен қамту орталықтарымен белсенді жұмыс істеуі тиіс. Әлеуметтік келісімшартты орындамаған отбасыларға АӘК берілмейді дейді министрлік.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше биыл тоғыз айда елде 412 мың отбасыға немесе 2 миллион 138 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек берілген.

Азаттыққа берген сұхбатында экономист Мақсат Халық үкіметтің әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларын қорғау шаралары туралы пікірін айтты.

Азаттық: Жәрдемақының жаңа түрін енгізуге не себеп? Әлде бұл қолданыстағы арнаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) мұқтаж жандарды толық қамти алмағанын көрсете ме?

Экономист Мақсат Халық. Алматы, 7 қазан 2019 жыл.
Экономист Мақсат Халық. Алматы, 7 қазан 2019 жыл.

Мақсат Халық: Билік тарабынан әлеуметтік аз қамтылған халыққа жәрдем беру, көмек қолын созу әрекеті жасалды. Бірден айту керек, ол уақыттың талабы болды. Өйткені халықтың әлеуметтік жағдайы, азаматтардың жалақысы, төлем қабілеті соңғы жылдарда қатты нашарлап кетті. Бұл, әсіресе, доллар еркін айналымға көшкенде айқын көрінді. Елдің қолындағы қаражат көз алдында жұтап жатты.

Жалпы халықтың жағдайы осылай құлдыраған сәтте әлеуметтік аз қамтылған адамдар тіптен мүшкіл халге түсті. Үкіметтің "несие кешіру" шарасына ондай әлеуметтік топқа кірмейтін тұрғындардың наразылығын тудырды. Олар "біздің де несиеміз бар, жағдайымыз қиын, неге біздің салықтан аз қамтылған отбасылар көмек алуы керек" деген уәж айтады. Бүгін болып жатқан өзгеріс, көп балалы отбасылардың табысы есептелмей көмек беріледі деген қадам осыдан шығып жатқан сияқты. Демек, бұл азаматтарға да ақырындап болсын көмек көрсетілсін деген түсінік.

Азаттық: АӘК беріле бастағанда аймақтарда көмекке ілікпей қалған азаматтардың шағымы көбейді. Көмекке мұқтаж жандар тізімін жасау, бюджеттен аударылған қаражатты үлестіру сынды міндеттерді жергілікті биліктегілер қаншалықты орындай алды?

Мақсат Халық: Бір қарағанда бастама орынды. Үкімет әлеуметтік жағдайы нашар тұрғындарға жәрдем көрсетуге ниетті екенін байқатты. Бірақ жергілікті атқарушы органдарда, өңірлерде тиісті дәрежеде жүзеге аспады. Керісінше құжатын өткізуге келген халық ұрыс естіп, сарсаңға түсіп, кейде ахуалдың шиеленісуі басқарушы билікте бір жүйенің қалыптаспағанын көрсетеді. Егер мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражат тікелей сол ауылдың бюджетіне барып түссе, мәселе оңайырақ шешілер ме еді. Біріншіден, жаңа технологиялық жүйелерді бюджет ақшасын үйлестіруге қолдану қажет. Сонда ашықтық болады. Қаражат қайдан, қайда және қалай жұмсалып жатыр деген сұраққа жауап табылар еді. Екіншіден, халықтың алдындағы шенділердің жауапкершілігі мен этикасы тиісті дәрежесіне сәйкес келмей жататыны өкінішті.

Экономист: Қоғам әлеуметтік көмекке мұқтаж
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:20 0:00

Азаттық: Үкімет ұсынған жәрдемақының жаңа түрі әлеуметтік проблеманы шеше ала ма?

Мақсат Халық: Егер әлемдік стандартқа қарап салыстыратын болсақ, әлеуметтік көмек барлық елдің тәжірибесінде бар нәрсе. Бір мәселе бар. Егер әлеуметтік көмектің көлемі тым көп болып кетсе, онда ол халықты масылдыққа итермелейді. Мәселен, батыс елдерінде әлеуметтік көмек көлемі өте жоғары. Ондайда жұмыс істеп тағы біраз ақша тапқанша, істемей-ақ осы ақшаға өмір сүре берейін деген ой қалыптасады.

Әлеуметтік көмекке мұқтаж екенін айтып "Астана" концерт залының фойесіне жиналған адамдар қала әкімінің шенеунігін қоршап тұр. 15 ақпан 2019 жыл.
Әлеуметтік көмекке мұқтаж екенін айтып "Астана" концерт залының фойесіне жиналған адамдар қала әкімінің шенеунігін қоршап тұр. 15 ақпан 2019 жыл.

Қазақстанда бұл дәрежемен салыстыру әлі ерте. Қоғам әлеуметтік көмекке аса зәру. Мемлекеттен көмек алатын адамдардың тізімі ең төменгі күнкөріс шегі бойынша есептеліп отырғаны белгілі. Бірақ төменгі күнкөріс деңгейі қазіргі таңдағы өмір сүру дәрежемізге сәйкес емес екенін атап өткім келеді. Бұл жәрдемақымен әлеуметтік проблема шешілмейді. Неге? Себебі әлі де болсын төменгі күнкөріс деңгейі нақты есептелмей жатыр.

Мұның екінші жағы бар. Күнкөріс деңгейі өскен сайын айлық есептік көрсеткіш те өзгереді. Сол арқылы салық есептелетіндіктен, оны да ұлғайтады. Ертең ол тағы халықтың мойнына жүк болып түседі. Сондықтан бұл бірден шешіле салатын мәселе емес. Таяқтың екі ұшы бар.

Азаттық: 400 мыңнан астам отбасы мемлекеттен АӘК алып отыр. Тізім ұлғаюы мүмкін. Енді тағы бір жәрдемақы түрі қосылмақ. Оның мемлекеттік бюджетке тигізетін экономикалық салдары қандай?

Мақсат Халық: Расын айту керек, бұл бюджетке едәуір салмақ түсіреді. Бюджет тапшылығы өте жоғары. Ол тапшылықты Ұлттық қордан жауып келе жатыр. Одан бөлек билік бюджет тапшылығын жою үшін зейнетақы қорына да тиісе бастады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) көптеген құнды қағаздар бар. Соның салдарынан ұрпаққа қалатын Ұлттық қор да, БЖЗҚ да азая береді. Мемлекеттен көмек тоқтаусыз беріле берсе, оның арты осындай мәселелерге әкеледі.

Видео: "Бізге шырша, олимпиада қажет емес, жәрдемақы керек". 11 ақпан 2019 жыл.

"Бізге шырша, олимпиада қажет емес, жәрдемақы керек"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:38 0:00

Азаттық: Сіз айтқандай бюджетке, Ұлттық қорға салмақ түскен жағдайда мемлекет бұл көмектің түрін қайта қарауы мүмкін бе? Өйткені жыл санап көмекке мұқтаж отбасылар саны көбейіп келеді.

Мақсат Халық: Мұның барлығы есептеледі негізі. Ал егер тоқтатып жатса, қиын болатын түрі бар. Жағдай мүшкілдене түседі.

Халықтың көмекке зәрулігін кредитті кешіру акциясынан байқадық. Біраз халықтың кредиті кешірілді. Сонда кей азаматтар арнайы 111 нөмірі қосылса да, хабарласып, ақпарат ала алмай қиналды. Яғни, желі мүлде босамай қалды. Ол тізімге кірді ме, кірмеді ме – соны білгісі келгендер көп болды.

Азаттық: Билік өкілдері жағдайы жақсы бола тұра мемлекеттен көмек алып отырғандарды бірнеше рет айыптады. Неге?

Мақсат Халық: Жұрт арасында осы жағдайды пайдаланып қалғысы келетіндер де кездесетіні рас. Мәселені көтеріп, шулатып, баспаналы болып қалайық дегендер бар. Екі пайыз өсіммен үй алып, оның өзін төлей алмай отырғандар да бар. Олар енді бізге үйді тегін берсін деп сұрап отыр. Демек, мұның да бір шегі бар. Мемлекет жағдайы нашар адамдарға әлеуметтік көмек беруі тиіс. Бірақ оны тұтастай әлеуметтік мәселесін шешіп тастайтындай етіп жасамауы керек. Егер солай болса, онда масылдық тудырады. Меніңше, көмектің мөлшері орташа деңгейден жоғары болуы тиіс.

Азаттық: Қазақстанда кедейлік шегінде өмір сүріп жатқандар тізімі шынайы жасалып отыр ма?

Мақсат Халық: Қазір кедей халық көбейді. Сондықтан да мемлекет ең төменгі күнкөріс деңгейін көтермей отыр. Егер ол шекті көтеретін болса, күнкөріс деңгейінен төмен айлық алатын адамдар көбейеді де, олар кедейлердің қатарына қосылады. Сосын ресми көрсеткіш те өзгеріп, статистика өседі. Билік әлем алдында кедейлік үлесі аз деп көрсету үшін де ең төменгі күнкөріс деңгейін көтермей отыр.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

Биыл ақпан айында Астанада (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласында уақытша баспана жалдап тұратын тұрмысы төмен отбасының кәмелетке толмаған бес баласы өрттен қаза болғаннан кейін қоғамда үкіметтің әлеуметтік саясатына наразылық күшейді. Қазақстанның әр өңірінде көп балалы отбасылар мен әлеуметтік жағдайы нашар жандарға мемлекеттен берілетін көмекті көбейтуді талап еткен наразылық акциялары бірнеше айға жалғасты. Осыдан кейін билік табысы төмен отбасыларға көмектесудің түрлі жолдарын ұсынды, сәуір айынан бастап атаулы әлеуметтік көмек беріле бастады.

Биыл наурызда Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілетін кенет доғарғаннан кейін бұл қызметке жаңадан кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаевтың маусымның соңында тұрмысы төмен азаматтардың тұтыну мақсатына алған 300 мың теңгеге дейінгі кредиттерін өтеу туралы жарлық шығарды. Тоқаев "көмекке мұқтаж азаматтарға бұрын-соңды болмаған жәрдем" деп бағалаған бір реттік акцияны кей сарапшылар "халықтың көңілін аулау саясаты" деп санайды.

  • 16x9 Image

    Манас ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ

    1994 жылы 20 мамырда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде филология мамандығы бойынша бакалаврды, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінде магистратураны тәмамдаған. 

    "Дарабоз" журналында (2012-2014), "31 арнаның" жаңалықтар қызметінде (2015-2018) жұмыс істеген.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG