Accessibility links

Адвокат: Серікжан Біләшті тергеуге шақырды


Серікжан Біләш
Серікжан Біләш

Шыңжаң қазақтарының мәселесін көтерген белсенді Серікжан Біләшті қорғануға құқығы бар куәгер ретінде тергеуге шақырды. Бұл туралы Азаттыққа оның адвокаты Шыңқуат Байжанов хабарлады.

- Ешкімге әлі айып таққан жоқ. Бұрынғы серіктесі арыз жазған, сондықтан тергеді, - деді заңгер.

20 сәуірде тіркелмеген “Нағыз Атажұрт еріктілері” қоғамдық ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтханұлын да тергеуге шақырған. Былтыр олар тіркелген “Атажұрт еріктілері” қозғалысынан бөлінген.

Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек Азаттық тілшісіне кейін хабарласуды сұрады. Кешкісін ол аудандық полиция басқармасының бастығына қоңырау шала алмай отырғанын айтты.

Тіркелген “Атажұрт еріктілері” қозғалысының жетекшісі Ерболат Дәулетбекұлы Азаттыққа 2019 жылы қазанда Әуезов аудандық ішкі істер басқармасына арыз жазғанын айтты. Оның сөзінше, тіркелмеген “Назыз Атажұрт еріктілері” ұйымы тіркелген “Атажұрт еріктілерінің” эмблемасын, атауын, белгілерін пайдаланған.

Серікжан Біләш тіркелмеген “Атажұрт еріктілері” ұйымын басқарып тұрғанда Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін көтеріп, олардың құқығын қорғаумен айналысқан. 2019 жылы наурызда оның үстінен “Араздық қоздыру” бабы бойынша іс қозғалып, қамауға алынған. Артынша ол бес ай бойы үйқамақта болды.Тамызда сот оған 280 доллар көлемінде айыппұл салып, жеті жыл қоғамдық ұйымды басқаруға тыйым салды. Бұл сот ел ішінде және халықаралық қауымдастықтың назарын аударған. Құқық қорғаушылар “билік Біләшті жауапқа тарту арқылы Қытай қазақтарының мәселесін көтеріп жүрген белсенділердің жұмысына кедергі келтіріп жатыр” деп сынаған.

2019 жылы күзде Алматы қаласы әділет департаменті “Атажұрт еріктілерін” тіркеген. Ұйым жетекшісі Ербол Дәулетбекұлы басшы болған. Осыдан соң ұйымдағы біраз адам бөлініп шығып, “Нағыз Атажұрт еріктілері” ұйымын құрған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG