Accessibility links

Кәсіпкер Ерімбетовпен бірге сотталған Пестов түрмеден шығады


Сот үкімі оқылғаннан кейін Дмитрий Пестовтың анасы ұлымен қоштасып тұр. Алматы, 22 қазан 2018 жыл.
Сот үкімі оқылғаннан кейін Дмитрий Пестовтың анасы ұлымен қоштасып тұр. Алматы, 22 қазан 2018 жыл.

Қапшағай қалалық соты 29 сәуірде Sky Service әуе компаниясы директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Дмитрий Пестовтың жаза мерзімін бостандық шектеумен ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырды. Бұл туралы Азаттыққа Пестов отырған түрме - Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА-155/14 мекемесінің қызметкерлері хабарлады. Сот шешіміне қарсы шағым түспесе, ол 15 күннен кейін босап шығады. Қоғамда резонанс тудырған "алаяқтық ісі" бойынша айыпталған Дмитрий Пестов 2018 жылы 4 жыл 2 айға сотталған болатын.

Бұған дейін сот қылмыстық заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Пестовтың жаза мерзімін қысқартып, қайта есептеген болатын.

2018 жылы 22 қазанда сот кәсіпкер Ескендір Ерімбетовті "аса ірі көлемде алаяқтық жасады" деген айыппен жеті жылға соттаған. Сот Sky Service компаниясының бұрынғы президенті Михаил Зоровқа үш жыл шартты жаза берген. Sky Service компаниясы директорлар кеңесінің бұрынғы жетекшісі Дмитрий Пестов және осы компанияның директорлар кеңесінің бұрынғы мүшесі Василина Соколенкоға әрқайсысына 4 жыл 2 ай түрме жазасын берген болатын.

2018 жылы 1 қарашада норвегиялық Хельсинки комитеті Қазақстан билігін Ерімбетов пен онымен бірге сотталған азаматтарды дереу босатуға шақырған. 2018 жылы желтоқсан айында БҰҰ-ның жұмыс тобы "Ерімбетов халықаралық құқық нормаларына қайшы ұсталып отыр, шұғыл босатылсын" деген қорытынды шығарған. Қазақстандық құқық қорғаушылар Ескендір Ерімбетовті саяси тұтқындар қатарына қосқан. 2018 жылы 21 желтоқсанда апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Былтыр желтоқсан айында 48 жастағы Ерімбетов денсаулығының нашарлауына байланысты түрмеден босап шыққан. Биыл 3 ақпанда 40 жастағы Василиса Соколенко жазасының жұмсартылуына байланысты Алматы облысы Жауғашты ауылындағы әйелдер түрмесінен босап шықты.

Ерімбетовті жақтаушылар "қылмыстық іс ойдан шығарылған" деп мәлімдеген. Олар "қазір Еуропада өмір сүретін Ботагөз Жәрдемәліні Қазақстанға қайтару үшін билік оның інісі Ескендір Ерімбетовке қысым жасады" деп санайды. Ерімбетовтің ата-анасы Ботагөз Жәрдемәліні бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовқа қарсы куә ретінде пайдаланғысы келеді деп біледі. Ботагөз Жәрдемәлі БТА банктің бұрынғы басшысы, экстремистік ұйым ретінде Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" оппозициялық қозғалысының (Еуропарламент резолюциясында бейбіт оппозициялық қозғалыс деп жазылған) жетекшісі Мұхтар Аблязовтың қарамағында жұмыс істеген. Қазақстанның тергеу органдары Ескендір Ерімбетов ісінің саяси астары жоқ деп есептейді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG