Қоғамда резонанс тудырған "Алаяқтық ісі" бойынша 2018 жылы 4 жыл 2 айға сотталған Sky Service әуе компаниясы директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Дмитрий Пестов түрмеден босап шықты. Бұл туралы Пестовтың өзі 15 мамырда Азаттыққа хабарлады. 29 сәуірде Қапшағай қалалық соты оның жаза мерзімін бостандық шектеумен ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырған болатын.
Оны түрмеден адвокаты Гүлмира Сабазбекова алып шыққан, ол мекемеге сот қаулысын әкелген.
- 2018 жылы 22 қазанда сот кәсіпкер Ескендір Ерімбетовті "аса ірі көлемде алаяқтық жасады" деген айыппен жеті жылға соттаған. Сот Sky Service компаниясының бұрынғы президенті Михаил Зоровқа үш жыл шартты жаза берген. Sky Service компаниясы директорлар кеңесінің бұрынғы жетекшісі Дмитрий Пестов және осы компанияның директорлар кеңесінің бұрынғы мүшесі Василина Соколенкоға әрқайсысына 4 жыл 2 ай түрме жазасын берген болатын.
- 2018 жылы 1 қарашада норвегиялық Хельсинки комитеті Қазақстан билігін Ерімбетов пен онымен бірге сотталған азаматтарды дереу босатуға шақырған. 2018 жылы желтоқсан айында БҰҰ-ның жұмыс тобы "Ерімбетов халықаралық құқық нормаларына қайшы ұсталып отыр, шұғыл босатылсын" деген қорытынды шығарған. Қазақстандық құқық қорғаушылар Ескендір Ерімбетовті саяси тұтқындар қатарына қосқан. 2018 жылы 21 желтоқсанда апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.
- Былтыр желтоқсан айында 48 жастағы Ерімбетов денсаулығының нашарлауына байланысты түрмеден босап шыққан. Биыл 3 ақпанда 40 жастағы Василиса Соколенко жазасының жұмсартылуына байланысты Алматы облысы Жауғашты ауылындағы әйелдер түрмесінен босап шықты.
Ерімбетовті жақтаушылар "қылмыстық іс ойдан шығарылған" деп мәлімдеген. Олар "қазір Еуропада өмір сүретін Ботагөз Жәрдемәліні Қазақстанға қайтару үшін билік оның інісі Ескендір Ерімбетовке қысым жасады" деп санайды. Ерімбетовтің ата-анасы Ботагөз Жәрдемәліні бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовқа қарсы куә ретінде пайдаланғысы келеді деп біледі. Ботагөз Жәрдемәлі БТА банктің бұрынғы басшысы, экстремистік ұйым ретінде Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" оппозициялық қозғалысының (Еуропарламент резолюциясында бейбіт оппозициялық қозғалыс деп жазылған) жетекшісі Мұхтар Әблязовтың қарамағында жұмыс істеген. Қазақстанның тергеу органдары Ескендір Ерімбетов ісінің саяси астары жоқ деп есептейді.
ПІКІРЛЕР