Accessibility links

Коронавирусқа байланысты Қарағанды облысында "Нұрқазған" кенішінің жұмысы тоқтатылды


Коронавирусты анықтайтын тест орталығының қызметкері. Көрнекі сурет.
Коронавирусты анықтайтын тест орталығының қызметкері. Көрнекі сурет.

"Қазақмыс" корпорациясы бөлімшесіне қарайтын "Нұрқазған" кенішінде өндіріс 1 маусымға дейін тоқтады. Қарағанды облыстық бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, кәсіпорында карантин енгізілген. Қарағанды, Теміртау қалалары, Бұқар жырау ауданынан кенішке барған жұмысшылар арасында 133 адамнан коронавирус табылған.

Өткен тәулікте аймақта коронавирус жұққан 130 адам анықталған еді. Дегенмен билік облыста қайтадан карантин жарияланбайтынын, бірақ шектеу шаралары күшейетінін хабарлады. Жабылғанына екі ай болған Теміртау қаласында вирус жұқтырғандар көбейіп жатыр, моноқалада карантин шараларын әлсірету мәселесі әзірге қарастырылмайды.

"Нысандарда тәртіп орнату мен халықпен жұмыс істеу бойынша [шаралар] күшейтіледі. Бұған қоса, коронавирус жұқтыру ықтималдығы жоғары топ өкілдерін тексеріп, науқастармен байланыста болған барлық адамдарды анықтап бітеміз. Теміртауда жағдайдың тұрақталғанына көзіміз жетпей шараларды жұмсарту мәселесі қаралмайды. Теміртау карантинге жабылған, блокпосттар қойылған, сол себепті мамыр соңына дейін Теміртау - Қарағанды арасында жүретін қоғамдық көліктердің жұмысын қалпына келтіру мәселесі қаралмайды" деді облыстың бас санитар дәрігері Қанат Асқаров.

Қарағанды облысында коронавирус жұққан барлық 455 адам анықталған. 3 адам қайтыс болған. 170 адам жазылған.

Облыс аумағында 9 қала және ауданнан коронавирус табылған. Қарағандыда - 172, Теміртауда - 186, Бұқар жырау ауданында - 26 науқас тіркелген. Бұған қоса, Сарань, Абай, Жезқазған, Сәтпаев қалалары, Шет ауданындағы ауылдан анықталған.

Осы апта басынан бері аймақ билігі шектеу шараларын біртіндеп жұмсарта бастаған еді. Тек Теміртау қаласы мен 18 мамырда карантинге жабылған Ботақара ауылында ғана бақылау күшейген.

Оқи отырыңыз: Қарағанды облысында Ботақара ауылы карантинге жабылады

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 7597 адамнан коронавирус табылған. 35 адам қайтыс болған. Соңғы бір күнде 363 адамнан вирус табылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG