Accessibility links

Стамбулда Түркіменстан басшысының саясатына қарсы наразылық акциясы өтті


Түркімен азаматтары Стамбулдағы елшілік алдында акция өткізіп тұр. 26 маусым 2020 жыл.
Түркімен азаматтары Стамбулдағы елшілік алдында акция өткізіп тұр. 26 маусым 2020 жыл.

26 маусымда Түркияда тұратын ондаған түркімен азаматы Түркіменстан үкіметіне қарсы кезекті наразылық акциясын өткізді. Бұл туралы Азаттықтың Түркімен қызметі (Азатлык) хабарлады. Акция Түркіменстанның Стамбулдағы елшілігі алдында өткен.

Наразылық акциясын ұйымдастырушылардың айтуынша, шара бастала салысымен жанына жергілікті құқық қорғау қызметкерлерін ерткен Түркіменстанның Стамбулдағы елшілік қызметкерлері наразыларды қуған.

Азатлык радиосына жіберілген видеолар мен суреттерде азаматтардың Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің қызметіне қарсылық білдіріп, шеру жасағаны байқалады. Наразылардың көбі акцияға маска және шарф, көзәйнек тағып келген. Олардың кейбірі Бердімұхамедовтің суреті сызылған футболка киген.

Белсенді Чемен Оренің Азатлык радиосына айтуынша, бастапқыда акцияға 100 адам қатысады деп жоспарланған, бірақ ақыры шамамен 50 адам келген.

Оның пікірінше, елшілік өкілдері акция орнына "арандату үшін келген". Елшілік қызметкерлері арасында 2018 жылы белсенді Омурзак Омаркулиевті алдап, Түркиядан Түркіменстанға жеткізу операциясына қатысқан Азат Жеперов те болған.

Видеода полиция қызметкерлерінің "шараның түрік билігінің рұқсатынсыз заңсыз өтіп жатқанын" айтып, түсіндіріп жатқаны көрінеді.

Белсенді Чемен Оренің айтуынша, полиция қызметкерлерінің бірі акцияға қатысушылардың біріне шүйліккен.

Азатлык радиосы оқиғаға байланысты Түркіменстанның Стамбулдағы елшілік өкілдерінен түсініктеме ала алмады.

Бұл - соңғы бір жарым айда Түркия, Солтүстік Кипр, АҚШ-та өтіп жатқан түркімен үкіметіне қарсы кезекті наразылықтардың бірі. Түркіменстанның мемлекеттік ақпарат құралдары ел аумағынан тыс жерде өтіп жатқан наразылықтар туралы ақпарат таратпады.

Шетелде жүрген түркімен азаматтары президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің туған күні қарсаңында Түркіменстанның АҚШ және Мәскеудегі елшіліктері алдында наразылық акцияларын өткізуді жоспарлап отыр.

Наразылық акциясына қатысушылар Түркіменстандағы авторитарлық режимге қарсылық білдіріп, елде экономикалық мәселелердің қордаланып қалғанын, билік табиғи апат салдарынан зардап шеккендерге көмектеспей отырғанын және коронавирус індетін жоққа шығарып отырғанын айтып сынап жүр. Наразылық акциясы кезінде Бердімұхамедовтің отставкаға кетуін талап еткен ұрандар да айтылған.

25 маусымда turkmen.news сайты Түркіменстанда үкіметке қарсы үнпарақтар тарап жатқанын хабарлаған. Азатлык радиосының тілшілері әзірге мұндай үнпарақтарды көрмегенін айтты.

Оқи отырыңыз: Түркіменстанда билікке наразылық жиіледі​

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG