Accessibility links

Індетпен күресте көз жұмған екі дәрігерге "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы берілді


Коронавирус індетіне қарсы күресіп жүрген дәрігер, полицей мен әскери бейнеленген мурал салынған үйдің жанынан өтіп бара жатқан адам. Алматы, 5 мамыр 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде коронавирус пандемиясы кезінде қайтыс болған екі дәрігерді "Қазақстанның Еңбек Ері" атағымен марапаттау туралы қаулы шығарды.

Жоғары мемлекеттік награда Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасының бөлім меңгерушісі Олег Исаев пен Ақтөбе облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Қалихан Қозыбағаровқа берілді. "Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік еңбегі, қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен жанқиярлығы үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен "Отан" ордені тапсырылсын" деп жазылған қаулыда.

Тоқаев бұл қаулыға елде коронавирус құрбандарын Ұлттық аза тұту күні деп жарияланған 13 шілдеде қол қойған. Бұл күні астана уақытымен сағат 12:00-де Қазақстанда коронавирус пандемиясынан қайтыс болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Қалихан Қозыбағаров өткен аптада 60 жасында бақилық болды. Ресми ақпаратта дәрігердің пневмониядан қайтыс болғаны, тексеру қорытындысы коронавирус анықталмағаны айтылды.

13 шілдеде Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы жаңа COVID-19 коронавирусы өршіп отырған елдердің билігін денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін қажетті қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге үндеді.

Қазақстанда 13 наурыздан бері, ресми мәлімет бойынша, 60 мыңға жуық адамға коронавирус жұққан. Вирус кеселінен 375 адам қайтыс болды, олардың 111-і кейінгі бір аптада көз жұмды. Коронавирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар арасында дәрігерлер бар.

13 шілде күні Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі "коронавирус инфекциясынан қайтыс болған дәрігерлер" тізімін жариялады. Тізімде 28 адамның аты-жөні берілген. Бірақ біраз уақыттан кейін министрлік бұл тізімді сайттан алып тастады.

Сонымен бірге Қазақстанда биыл пневмония әдеттен тыс өршіп кетті. Науқастардың көбінен COVID-19 симптомдары байқалғанымен тексеру қорытындысы коронавирус анықталмады деп көрсетеді. 1-8 шілде аралығында елде 39 мыңнан астам адамға пневмония диагнозы қойылды. Ал бірінші жарты жылда осындай диагнозбен жиынтығы 98546 науқас тіркелген.

Денсаулық сақтау министрілігі таяудан бері мұндай пневмонияны "коронавирус инфекциясы болуы ықтимал" деп жіктейтін болған, бірақ ондай науқастарды коронавирус жұқтырғандардың жалпы тізіміне қоспай отыр. Сонымен бірге пневмониядан көз жұмғандарды коронавирустан өлгендердің статистикасына да енгізбейді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл пневмония коронавирус инфекциясының бір түрі, диагноз қойғанда кеткен қате болуы мүмкін деп санайды. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда биылғы жылдың алғашқы жартысында пневмониядан барлығы 1772 адам қайтыс болған, оның 628-і – бір ғана маусым айында көз жұмған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG