Accessibility links

АҚШ "Путин аспазына" қатысты санкциялық тізімді кеңейтті


Ресейлік кәсіпкер Евгений Пригожин.
Ресейлік кәсіпкер Евгений Пригожин.

АҚШ ресейлік кәсіпкер Евгений Пригожинге қатысы бар деген үш Ресей азаматын және бес компанияны санкция тізіміне қосты. Бұл туралы АҚШ қаржы министрлігі хабарлады. Елдің мемлекеттік департаменті БАҚ бетінде "Путиннің аспазы" аталып кеткен Пригожинді АҚШ-тағы президент сайлауына араласты, Судандағы тұрақтылықты бұзатын әрекет жасады деп айыптады.

Санкциялық шектеуге түскен компаниялар арасында петербургтық "М Инвест" фирмасы, Meroe Gold Co деген судандық компания бар. Қалған компаниялардың біреуі Қытайдікі, екеуі Гонконгтікі.

АҚШ мемлекеттік департаментінің мәліметінше, Meroe Gold Co компаниясының Пригожинге қатысы бар деген "Вагнер жекеменшік әскери компаниясына" қатысы бар.

АҚШ қаржы министрлігінің мәлімдеуінше, "М Инвест" Суданда демократиялық реформаға ұмтылған наразыларды дискредитациялаумен айналысқан. Санкциялық тізімге кірген өзге компаниялар Пригожинге қаржы қызметін көрсеткен. Олар Пригожинге санкцияны айналып өтіп, ғаламдық келісімдер жасауға көмектескен.

"Евгений Пригожин мен оның желісі Суданның қазба байлығын жеке мақсатында және өзінің теріс ықпалын әлемге тарату үшін пайдаланады" деді АҚШ қаржы министрі Стивен Мнучин. Оның сөзінше, Пригожиннің Африка еліндегі жұмысы Ресейдің авторитар режимдерді қолдайтынын, табиғи байлықтарды теріс пайдаланатынын білдіреді.

Тізімдегі жеке тұлғалар арасында Игорь Лавренков, Андрей Мандель және Михаил Потепкин бар. Олардың бәрі Пригожинге қатысы бар деп танылған.

Пригожиннің Кремльге кейтеринг қызметін көрсететін компанияларға қатысы бар. Ол – АҚШ үкіметі сайлауға араласты деп ресми айып таққан Ресей азаматтарының бірі. Пригожин Санкт-Петербургтегі "тролль фабрикасын" қаржыландырды деп те айыпталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG