Accessibility links

Билік Сәтбаевтағы оқиғада "жазықсыз адамдар зардап шеккенін" айтады


Бір топ адам күдікті тұруы мүмкін пәтерге кірмекке талпынып жатыр. 24 шілде 2020 жыл.
Бір топ адам күдікті тұруы мүмкін пәтерге кірмекке талпынып жатыр. 24 шілде 2020 жыл.

Қарағанды облысы әкімі Жеңіс Қасымбек 24 шілдегі мәлімдемесінде Сәтбаев қаласында түнде болған оқиға кезінде “жазығы жоқ адамдар” зардап шекті деді. Әкім нақты кім зардап шеккенін және шығын сомасын атамады.

Сәтбаев қаласында бір ер адам кішкентай қыз баланы ұрлап әкетіп, пәтерде ұстады деген хабардан соң 23 шілдеден 24 шілдеге қараған түні жүзден астам адам күдіктінің үйіне барған. Олар көпқабатты үйдің сыртынан пәтерге кірмекке ниеттенген. Пәтерге келгендер күдіктіні өз беттерінше жазаламақ болған.

Желіде тараған “қызды ұрлаған күдікті тұратын үйден түсірілген” видеода бір топ жас көпқабатты үйдің терезелерді сындырып жатқаны байқалады. Видеода адамдар тобы мен өртенген көлік көрінеді. 24 шілдеде желіде тараған фотоларда полицей көлігінің де терезесі шағылғаны байқалады.

“Азаматтарымыздың ашу-ызасын түсінемін. Бірақ болған оқиғаны заң арқылы қарастыру керек” деді Қасымбек.

“Шығын келтіргендердің” кім екені және олардың ұсталған-ұсталмағаны айтылмады. Бұған дейін ІІМ заң бұзғандар анықталып жатқанын, “Бұзақылық” бабымен жауапқа тартылатынын мәлімдеген. Тұрғындардың сөзінше, қаланың кіреберісіне полицейлер тұр. Олар таңертеңнен бері қалаға кірмек болған көліктерді, автобустарды тексеріп жатыр.

Полиция күдіктінің үйінен қыз бала табылған соң “Адам ұрлау” және “Зорлау” бабы бойынша тергеу басталғанын, 62 жастағы ер адам ұсталғанын хабарлады. Полиция күдікті әлі қамауға алынбағанын айтты. 24 шілдеде брифингте ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев тергеу мен сараптама тағайындалғанын айтты.

Билік зардап шеккен қыз қазір ата-анасымен үйінде деп хабарлады. Баланың жағдайы жайлы хабар жоқ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ата-анасы баланың жағдайын айтуды қаламайды деді. Облыс әкімдігі бала “тәжірибелі мамандардың бақылауында, қылмыстық іс президенттің бақылауында” деп мәлімдеді.

Балалар құқығы бойынша омбудсмен Аружан Саин оқиғаға байланысты Қарағанды облысы әкімдігімен байланысып отырғанын айтты.

“Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкеновпен байланысып, қыз баланың отбасына тез арада іс бойынша көмектесетін адвокат және жақсы психолог маман тауып беруін сұрадым. Балаларға қатысы бар қылмыстық істерде психологтың болғаны өте маңызды” деді ол.

Полицияның мәліметінше, 24 шілдеге ауған түні адамдар күдіктінің үйіне жиналып, ұсталған адамды беруді талап еткен. “Жанжал болдырмас үшін оқиға орнына арнайы күш тартылды” деді ішкі істер министрі Тұрғамбаев. Таңға жуық жағдай ушыға бастағанда полиция жиналғандарды таратқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG