Accessibility links

Нұр-Сұлтанда бір топ әйел педофилдерге өлім жазасын қолдануды талап етті


Мөлдір Сәрсенбаева педофилдерге өлім жазасын қолдануды талап еткен акция кезінде сөйлеп тұр. Нұр-Сұлтан, 3 тамыз 2020 жыл.
Мөлдір Сәрсенбаева педофилдерге өлім жазасын қолдануды талап еткен акция кезінде сөйлеп тұр. Нұр-Сұлтан, 3 тамыз 2020 жыл.

3 тамызда Нұр-Сұлтанда жиырма шақты әйел министрлер үйінің алдына жиналып, елде бала зорлау қылмысының асқынып кеткенін айтып, "бала зорлаған қылмыскерлерді" өлім жазасына кесуді талап етті. Наразы аналар бұл қылмыстың жазасы тым жеңіл екенін, бұған билік бейжай қарап отырғанын сынады. Кейбір әйелдердің қолында "Педофилдерге өлім жазасы!" деген жазуы бар шағын плакат болды.

– Педофилдерді өлім жазасына кесуді талап етемін. Қорғансыз бүлдіршіндерді қорғай алмасақ, мына полицияның да, қарулы күштің де керегі не? Өз елімізде бүлдіршіндеріміздің өмірін, психологиялық жағдайын қорғай алмасақ, үкіметтің қандай керегі бар? – деп ашынды бес баланың анасы Мөлдір Сәрсенбаева.

Нұр-Сұлтандық көп балалы әйел Айгүл Ниятбекова кейінгі кездері Қазақстанда балаларға қатысты зорлық фактілерінің жиілегенін, ана ретінде ұл-қызының болашағына қатты алаңдайтынын айтады.

Әйелдер акциясы. Нұр-Сұлтан, 3 тамыз 2020 жыл.
Әйелдер акциясы. Нұр-Сұлтан, 3 тамыз 2020 жыл.

– Жақында ғана Сәтбаевта, сосын Байқоңырда, бірер күн бұрын дәл сондай сұмдық жағдай астанада болды деп естідік. Қылмыс көбеймесе, азаймай отыр. Әйелдер қарсы тұрып, қорғана алады. Ал сәбилер қорғана алмайды. Педофил қыз ба, ұл ма таңдамайды. Биліктегілер кастрация жасаймыз, екпе егеміз дейді. Бірақ одан пайда жоқ, – деді ол.

Әйелдер шамамен екі сағат бойы министрлер үйінің алдынан кетпей, талаптарын айтып тұрды. Осы арада өзін "Есіл аудандық әкімдігі өкілімін" деп таныстырған қызметкер қалада қатаң карантин жарияланғанын айтып, жиналғандарды тарауға шақырды. Ол сонымен бірге 6 маусымда күшіне енген "Бейбіт жиын өткізу тәртібі туралы" жаңа заңға сәйкес, әкімдікке жиын өткізу жайлы өтініш түспегенін, сондықтан заң бұзғандар әкімшілік жауапқа тартылатынын ескертті.

Наразы әйелдерді арнайы жасақ пен полиция сырттай бақылап тұрды.

Соңғы уақытта Қазақстанда кәмелетке толмаған балаларды зорлау оқиғасы жиілеп кеткен. Қоғамды дүрліктірген бірнеше оқиғадан соң билік 2018 жылдың басынан бастап кәмелет жасына толмағандарды зорлағандарға химиялық кастрация жасау туралы заң қабылдаған.

Былтыр желтоқсан айында Қазақстан ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті елде "Зорлау" бабымен сотталған төрт азаматқа химиялық кастрация қолдану үкімі орындалып жатқанын хабарлаған.

Ал 2019 жылдың соңында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев зорлау қылмысын жасағандарға жазаны қатайту туралы жаңа заңға қол қойды. Оған сәйкес, зорлау қылмысы ауырлығы орташа қылмыстан ауыр қылмыс санатына ауыстырылған. Бұрын жәбірленуші тараппен өзара татуласқан жағдайда айыпталушыны жауапкершіліктен босататын ереже заңнан алынып тасталды. Енді кәмелет жасына толмаған балаларға қарсы жасалған сексуалдық сипаттағы іс-әрекет аса ауыр қылмыс түріне жатқызылып, қылмысы дәлелденген адамды 20 жылға немесе өмір бойы бостандығынан айырылады.

Ресми статистикаға сәйкес, кейінгі төрт жарым жылда Қазақстанда 1868 адам кәмелет жасына толмағандарға қарсы сексуалды сипаттағы қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG