Accessibility links

Ресей шекарасында тұрып қалған ОА мигранттарына Қазақстан аумағынан өтуге рұқсат етілді


Коронавирус індеті кесірінен Самара облысында тұрып қалған мигранттар. Мамыр айы, 2020 жыл.
Коронавирус індеті кесірінен Самара облысында тұрып қалған мигранттар. Мамыр айы, 2020 жыл.

Коронавирус індетінің кесірінен Ресей-Қазақстан шекарасында ұзақ уақыт тұрып қалған бірнеше мың өзбек және қырғыз мигрантына Қазақстан аумағынан өтуге рұқсат етілді. Бұл туралы Қазақстан сыртқы істер министрлігі хабарлады.

"Қырғыз және өзбек тарабы 27 шілдеде және 3 тамызда азаматтарын Ресейден әкелу үшін транзиттік дәлізбен қамтамасыз ету туралы ресми түрде ұсыныс айтқан. Бұл мәселе оң шешімін тауып, 4-5 тамызда Ресейден Қазақстан аумағы арқылы Қырғызстанның 2435 азаматының 40 автобуспен, Өзбекстанның 2,2 мың азаматының өзбек тарабы ұсынған теміржол көлігімен өтуіне рұқсат етілді" деді министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Бір күн бұрын, 4 тамызда Ресейдің Қазақстанмен шекаралас Самара облысында мигранттар мен Росгвардия жасағының қақтығысып қалғаны туралы хабар тараған. Telegram-дағы Mash арнасына жарияланған бір минуттық видеода жүздеген мигранттарды жол айрығында арнайы жасақ өкілдерінің тоқтатпақ болғаны, мигранттардың алды қалқан ұстаған сарбаздармен шекісіп қалғаны көрінеді.

Самара билігі ресейлік РБК арнасына берген сұхбатында видео 3 тамызда түсірілгенге ұқсайды деп мәлімдеген. Билік өкілдері ешкім ұсталмады, зардап шеккендер жоқ деген.

Індеттің кесірінен шекарадан өте алмай, Самара облысында қалып қалған Орталық Азия елдерінен келген мигранттар пандемия кезінде амалсыздан шекара аумағында палатка құрып, сол маңда тұрып келген еді. Жергілікті БАҚ олардың шыдамы шегіне жетіп, шекарашылар шебін бұзып өтуге тырысқан болуы мүмкін деп топшылайды.

Ресейдің Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев 3 тамыз күнгі кеңес отырысында мигранттар мәселесін көтеріп, олардың көбінің пандемия кезінде жұмыссыз қалғанын және кейбірінің қылмысқа барып жатқанын айтқан болатын. Оның айтуынша, мигранттардың шамамен 40 пайызы жұмысынан айырылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG