Accessibility links

Құқық қорғаушы Семенованы сотқа берген түрме әкімшілігі шағымын қайтарып алды


Диссидент, ақын Арон Атабек және құқық қорғаушы Елена Семенова Павлодардағы тергеу изоляторында. 26 шілде 2019 жыл.
Диссидент, ақын Арон Атабек және құқық қорғаушы Елена Семенова Павлодардағы тергеу изоляторында. 26 шілде 2019 жыл.

Қатаң режимдегі колония (қауіпсіздігі жоғары ЖД-158/7 мекемесі) құқық қорғаушы Елена Семенованың үстінен түсірген "ар-намыс пен іскерлік беделді қорғау" туралы шағымынан бас тартты. 17 тамызда Павлодардың азаматтық істер жөніндегі қалалық соты отырысында тараптар соттан шағымды қарамауды сұрады. Ақыры шағымды қараудан бас тарту туралы анықтама шығарылып, шағым түсірушіден сот сараптамасы үшін 99 700 теңге (шамамен 250 доллар) көлемінде ақша өндіріп алу туралы шешім шығарылды.

ЖД-158/7 мекемесі бұған дейін соттан Семенованың 3 мамырда Facebook-та жариялаған жазбасын "шындыққа сәйкес келмейді" және "ар-намыс пен іскерлік беделге нұқсан келтіреді" деп тануды сұраған болатын. "Бұл оқиғалар ЖД-158/7 мекемесінде шамамен екі апта бұрын болған" деп аталатын жазбада тұтқын Н.Баймахановтың видеомәлімдемесі де жарияланған. Ол жазбада өзін түрме қызметкерлерінің ұрғанын айтады, мекеме басшысы А.Азизбековты "жемқор" деп атаған.

Соңғы уақытта құқық қорғаушының үстінен осыған ұқсас бірнеше шағым түскен.

Оқи отырыңыз: Құқық қорғаушы тұтқын құқығы бұзылғанын жазды. Түрме басшылығы оны сотқа берді

  • 3 маусымда Семенова УК-161/2 мекемесінің бастығы Әсет Шәріпов түсірген "іскерлік беделді қорғау туралы" шағым бойынша істе жеңіліп қалған еді. Ол Семеновадан тұтқындардың қысымға шағымданып, медициналық көмек көрсетілмегені туралы ақпаратты жоққа шығаруды талап еткен.
  • 3 шілдеде Семенова Заречный елді мекеніндегі қоныстандыру колониясы (Алматы облысындағы қауіпсіздігі төмен ЕС-164/4 мекемесі) басшысының түсірген шағымы бойынша істе де жеңілді. Сот құқық қорғаушының 2020 жылы 14 сәуірде Facebook-те жариялаған жазбасын "шындыққа сәйкес келмейді" және "іскерлік беделге нұқсан келтіреді" деп тапқан. Ондағы жазбада Михаил Санин есімді тұтқынды түрме әкімшілігінің ұрып-соғып, жарақаттанғаны туралы мәлімет бар.
  • 13 шілдеде Павлодар соты Қостанай қаласының қатаң режимді колониясы (қауіпсіздігі жоғары УК-161/2 мекемесі) бастығының орынбасары Гүлмира Мырзалының шағымын толық қанағаттандырған. Шағымда ол құқық қорғаушының Facebook-та жариялаған жазбасы "ар-намысымды қорлап, іскерлік беделге нұқсан келтірді, моральдық зардабы болды, соның кесірінен денсаулығым нашарлады" деп атап көрсеткен.
  • 13 шілдеде Павлодар соты Заречный елді мекеніндегі қатаң режимді колонияның (ЛА-155/12) құқық қорғаушының үстінен түсірген шағымын қараусыз қалдырған. Шағым беруші шағымын қайтарып алған. Семенованың сөзіне қарағанда қазір ЛА-155/12 мекемесі шағымын толықтырып, қайтадан сотқа жіберген.
  • Былтыр қаңтар айында халықаралық Amnesty International ұйымы Семеноваға шабуыл жасауды тоқтатып, оның құқық қорғау қызметіне кедергі жасамауға шақырған.
  • Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдері үкіметтері Қазақстан билігін түрмедегі азаптауды тоқтатуға бірнеше рет шақырған. Еуропарламент былтыр наурыздағы қарарында Қазақстанда "тұтқындар мен күдіктілерді азаптау" қалыпты жағдайға айналғанын айтқан. АҚШ мемлекеттік департаменті әлемдегі адам құқығының ахуалы туралы биыл жариялаған есебінде Қазақстанда түрмеде отырғандарды азаптау, ұрып-соғу тыйылмай тұрғанына назар аударған.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG