Жаңаөзенде бірнеше күн наразылық акциясын өткізіп, саяси тұтқындарды босатуды талап еткен кем дегенде алты белсенді он тәулікке қамалып, тағы бір белсендіге ескерту берілді. Оларға "бейбіт митинг заңын бұзды" және "полицияға бағынбады" деген айып тағылған. Бұл туралы Азаттыққа белсенділердің жақындары хабарлады. Ақпаратты Маңғыстау облыстық соты мен полиция департаменті растады.
Полиция 20 тамызда түнде үйінен алып кеткен белсенді Мұратбай Жұмағалиевтің інісі Нұрғазы Жұмағалиевтің сөзінше, он тәулікке қамалғандар арасында ағасынан бөлек, Нұрлыбек Нұрғалиев (2011 жылы Жаңаөзен оқиғасында тамағынан оқ тиіп жараланған), Нұржан Наренов, Ғазез Махамбетов, Күнсұлу Әйтешова және Мұхтар есімді белсенді бар.
- Барлығын полицияның арнайы жасағы бір күнде ұстап алып кетті. Нұрлыбек Нұрғалиевті көшеде көлігімен келе жатқан кезде күштеп алып кетсе, Күнсұлу Әйтешованы таңғы алтыда жұмыс кезегін тапсырып жатқан жерінен арнайы жасақ күштеп автобусқа салып алған. Бір тәуліктен соң оны Ақтауға алып кеткенін анықтадық, - деді ол.
Нұрғазы Жұмағалиевтің айтуынша, ұсталғандарды Маңғыстау облысының Жаңаөзеннен 150-200 шақырым қашықтықтағы Түпқараған, Қарақия, Маңғыстау аудандары мен Ақтау қаласына алып кеткен. Оның сөзін Жаңаөзенде жеке шаруасымен жүрген Орал тұрғыны Эрик Жұмабаев та қоштады. Ол белсенділер туралы білу үшін қалалық полиция басқармасына барғанда өзі де Әкімшілік кодекстің 488-бабына сай "бейбіт митинг заңын бұзды" деген айыппен ескерту алғанын айтады.
Маңғыстау облыстық баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жаңаөзен қалалық арнайы мамандандырылған соты 20 тамызда Мұратбай Жұмағалиев пен Нұржан Нареновті "рұқсат етілмеген митингіге қатысты" деп 10 тәулікке қамаған.
Эрик Жұмағалиевке сот мүгедектігіне байланысты ескерту берумен шектелді. Аталған азаматтар 2020 жылдың 17 тамызында Жаңаөзендегі Тәуелсіздік алаңына жиналып, бейбіт шерулер өткізу туралы заңның талаптары сақталмаған митингіге қатысқан. Сот актісі әлі күшіне енген жоқ, - деп мәлімдеді Маңғыстау облыстық сотының баспасөз хатшысы Нұршат Өтеулиева.
Маңғыстау облыстық соты басқа азаматтарға қатысты сот қаулысы жайлы ақпарат бермеді.
Ал Маңғыстау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі Азаттыққа Жаңаөзенде алты адамның қамауға алынғанын растады. Баспасөз хабарламасында белсенді мұнайшы Күнсұлу Әйтешованың Әкімшілік кодекстің 667-бабына сай "полицияға бағынбады" деп айыпталып, 20 тамызда 10 тәулікке қамалғаны айтылған.
Жаңаөзендегі арнайы қабылдау орынының толықтығына байланысты Маңғыстау облыстық бас санитарлық дәрігерінің санитарлық эпидемиологиялық талаптарды сақтау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында жауапқа тартылған азаматтар басқа аудандардың арнайы қамау орындарына жіберілді, - деді Маңғыстау облыстық полиция депаратментінің баспасөз хатшысы Әйгерім Ибатуллаева.
17 тамызда Жаңаөзенде бір топ тұрғын мен белсенді қаладағы Тәуелсіздік алаңына жиналып, саяси тұтқындарға бостандық беруді талап еткен еді. Акцияға қатысушылар қолдарына құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған Арон Атабек (Шаңырақ оқиғасынан кейін сотталған), Макс Боқаев (Жер митингіден кейін сотталған) пен Ержан Елшібаевтың (жаңаөзендік жас белсенді) суреттерін ұстап, оларды түрмеден дереу босатуды сұраған. Белсенділер дауыстары үкіметке жеткенше шыға беретіндерін айтып, тағы екі күн пикет ұйымдастырған.
- Қазақстан билігі Жаңаөзендегі кез келген наразылыққа алаңдайды. 2011 жылы 16 желтоқсанда осы қалада полиция наразы мұнайшыларға оқ атқан. Мұнайшылар наразылығы 17 желтоқсанда Шетпеде де болды. Осы оқиғадан, ресми дерек бойынша, 17 адам қаза тауып, жүзден аса адам жараланды.
- Қазақстанда жұрт бейбіт митинг өткізу үшін билікке алдын ала ескертуі тиіс, әкімдік ескертілмеген биліктің бәрін заңсыз деп танып, қатысушыларын жазалайды.
- Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Қазақстанның "Бейбіт митинг туралы" заңын жиі сынайды.
ПІКІРЛЕР