Accessibility links

Висконсин губернаторы Трамптан Кеношаға келмеуін сұрады


Кеношадағы тәртіпсіздік. 25 тамыз 2020 жыл.
Кеношадағы тәртіпсіздік. 25 тамыз 2020 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп осы аптада полиция қатыгездігі мен нәсілшілдікке қарсы жаппай тәртіпсіздік болған Кеноша қаласына (Висконсин штаты) бармақ. Висконсин штатының губернаторы Тони Эверс президенттен келмеуін сұрады.

Трамптың Кеношаға сапары 1 қыркүйекке белгіленген. Президент ол жерде құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен кездесіп, жаппай тәртіпсіздіктің салдарын көрмек.

Висконсин губернаторы демократ Тони Эверс Трамптан сапарын қайта қарауды сұрады. Ол 30 тамыз күні президентке хат жазып, оның сапары "бөлінушілікті жоюды баяулататынын" айтқан.

Жүз мыңдай тұрғыны бар Кеноша үш күндік тәртіпсіздік пен бұзақылықтан кейін өз-өзіне келіп жатыр. Тәртіпсіздік 23 тамыз күні полицияның қарусыз афроамерикалық Джейкоб Блейкке жеті рет оқ атуынан кейін басталған.

Қаладағы наразылық акциялары кезінде екі адам қаза тапты. Кісі өлтіру бойынша күдікке 17 жастағы жасөспірім алынды. Ол қазір қамауда.

Трамп 3 қарашадағы президент сайлауы қарсаңында "заң және тәртіп" науқанын жүргізіп отыр. Ол кейінгі үш айдағы жаппай тәртіпсіздік болған қалалардың демократ мэрлерін қатаң сынға алған. Кейінгі үш айда АҚШ-та полицияның қара нәсілді азаматтарға әсіре күш қолдануына, нәсілшілдігіне қарсы наразылық шерулері өтіп келеді.

29 тамызда Орегона штатындағы Портлэнд қаласындағы шеру кісінің табуымен аяқталды. Екі жарым мыңға жуық Трамп жақтастары "Қаралардың өмірі құнды" (Black Lives Matter) белсенділерімен қақтығысып қалды.

Трамп 30 тамыз күні Twitter желісінде «бұзақылар билігіне» және "әлсіз" демократтарға шүйлігіп, оларды дұрыс әрекет етпеді деп айыптады.

"Демократтар басқаратын қылмыс деңгейі жоғары қалалардағы зорлық-зомбылықты тоқтатудың жалғыз жолы – күш көрсету" деп жазды ол Twitter-де.

Трамптың күзгі сайлаудағы қарсыласы Джо Байден оны зорлық-зомбылық желін үрлеп жатыр деп айыптады.

"Ол көшедегі соғыс оның қайта сайлануы үшін жақсы мүмкіндік деп ойлауы мүмкін, бірақ бұл президентке де тән емес" деді Байден өз мәлімдемесінде.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG