Еуропада коронавирус жұқтырғандар азаймаса да, Англия, Франция және Бельгияда оқитын миллиондаған оқушы 1 қыркүйекте мектепке оралды. Көптеген мұғалім мен ата-ана білім беру мекемелері қайта ашылса, коронавирус қайта өршіп кетуі мүмкін деп қорқады. Бірақ үкімет індеттен зардап шеккен экономика қалпына келуі үшін ата-аналарды үй шаруасынан босатып, жұмыс істеуіне мүмкіндігінше жағдай жасап жатыр. Билік сонымен бірге мемлекет жүйелі түрде даму үшін балалардың мектепке оралғаны дұрыс деп санайды.
Францияда 11-18 жас аралығындағы оқушылар мектептің ішінде де, сыртында да маска тағып жүруге міндетті. Мектептер бірқатар шектеулер болса да, әдеттегідей жұмыс істеуге көшкен.
Алты ай карантиннен кейін Англия мен Уэльстегі оқушылар да сабаққа оралды. Үкімет білім орындарында әлеуметтік қашықтық сақталатынын айтып отыр.
Ұлыбританиядағы миллионға жуық студент те оффлайн оқуға дайындалып жатыр. Бұған дейін оқытушылар үкіметті оқу корпустарын ашпауға көндіруге тырысқан. Олардың пікірінше, университеттер ашылса, денсаулық сақтау саласы ірі дағдарысқа ұшырауы мүмкін. Ғылыми қызметкерлер індет өршігеннен кейін қайта онлайн оқуға көшкен АҚШ университеттерінің тәжірибесін алға тартады.
Ал Қазақстанда 1 қыркүйекте 3,3 млн мектеп оқушысы жаңа оқу жылын бастады. Биыл пандемия кесірінен оқушылардың 20 пайызы (бастауыш сынып және шағын мектеп оқушылары) ғана дәстүрлі форматта оқиды. Басым бөлігі үйден оқиды.
Оқи отырыңыз: UNICEF: Әлемде балалардың үштен бірінің қашықтан оқуға мүмкіндігі болмаған
ПІКІРЛЕР