Accessibility links

Қытай коронавирусқа байланысты шекара маңындағы қаласын жапты


Виза алуға кезек күтіп тұрған туристер.
Виза алуға кезек күтіп тұрған туристер.

Қытай Мьянмамен шекара маңындағы қаласын жауып, тұрғындарды коронавирус тестінен жаппай өткізетінін хабарлады.

Мьянмамен шекаралас Юньань провинциясының батысындағы Руили қаласында үш адамнан коронавирус табылған. Қала билігі тұрғындарға үйден шықпауға кеңес беріп, дүйсенбі күні кешкісін қаланы жапқан. 15 қыркүйекте қала билігі таратқан хабарламада осындай мәлімет жазылған.

Онда 210 мыңнан астам тұрғыны бар қалада әрбір адамның коронавирус тестінен өтетіні айтылған. Қалада супермаркет, дәріхана, азық-түлік базарларынан өзге нысандар жабылады.

Қалаға вирустың Мьянмадан келгенін айтқан билік “заңсыз мигранттармен күресетінін” айтып отыр.

Руили мен Мьянманың лас көше, қару, казино, есірткімен танымал Муза қаласын шағын өзен бөліп тұр. Бұл Қытайға кіретін негізгі қақпа саналады.

Руили мэрінің орынбасары Ианг Бианкианг дүйсенбі күнгі баспасөз жиынында тұрақты мекені, жұмысы жоқ адамдарға қалада тұруға уақытша мүмкіндік берілетінін айтты.

Былтыр желтоқсан айында Ухань қаласынан коронавирус тарап, індетке айналғаннан кейін Қытай саяхаттауға тыйым салып, қатаң карантин шараларын қолданғаннан кейін вирустың тарауы сәл бәсеңдегендей болған.

Алайда жақында кейбір жерлерде, оның ішінде Пекинде де індеттің өршуі байқалған. Қытай көптеген елдермен шекарасын әлі ашқан жоқ. Билік індеттің қайтадан өршуіне шетел азаматтарының келуі себеп болғанын айтты.

Ұлттық денсаулық сақтау комиссиясы сейсенбі күні елде тағы жеті адамнан коронавирус табылғанын, олардың барлығы шетелден келгенін айтты.

Мьянма – Қытайдың Азия, Африка, Еуропаға теңіз, темір жол және автомобиль жолдарын тартуды көздейтін бір триллион долларлық "Бір белдеу - бір жол" жобасында маңызды орын алады. Бұл жоба аясында Юньан провинциясынан Мьянманың батыс жағалауына дейін құны 8,9 миллиард доллар болатын жылдам жүретін пойыз жолын салу қарастырылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG