Accessibility links

Шымкент: Прокурор әскери бөлімнен "қару-жарақ ұрлап сатты" деп айыпталғандарға түрме жазасын сұрады


Прокурор айыптау актісін оқып тұр. Шымкент, 17 қыркүйек 2020 жыл.
Прокурор айыптау актісін оқып тұр. Шымкент, 17 қыркүйек 2020 жыл.

17 қыркүйек күні Шымкент гарнизонының әскери сотында өткен жарыссөзде әскери прокурор Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы «әскери бөлімнен қару-жарақ ұрлап сатты» деп айып тағылған сегіз адамды 5 жылдан 10 жылға дейін соттауды сұрады. Бұл туралы Азаттық тілшісі сот отырысынан хабарлады.

Бұл іс бойынша сегіз адамға төмендегідей айыптар тағылған:

  • Кіші сержант Абылай Балғынбай – «Жауынгерлік кезекшілікті атқару қағидаларын бұзу», «Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу», оларды «заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру», «Қашқындық» баптары бойынша айыпталған.
  • Қару-жарақты әскери бөлімнен алып шығуға және оны сатуға көмектесті деп күдікке ілінген Қағанат Орынбек, Шыңғыс Шатаев, Санжар Бекжан, Бауыржан Дамиров, Бағдәулет Арын, Шадияр Қамбар, Бағдәулет Мәлік «Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу», оларды «заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» баптары бойынша айыпталған.

Прокурор Балғынбайды 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отыр. Орынбектің шын өкінуін және кәмелет жасқа толмаған баласы бар екенін, тергеуге көмектескенін ескеріп – 5 жылға соттауды, Шотаевты – 10 жылға, қалған айыпталушылардың әрқайсысын 8 жылға соттауды сұрады.

Жарыссөз кезінде айыпталушылардың «әскери бөлімнен 30 автомат пен 30 тапанша және оқ-дәрі алып шыққаны» айтылды. Абылай Балғынбай тағылған айыпты ішінара мойындайтынын, істеген қылмысына шын өкінетінін, соттан жазасын жеңілдетуді өтінді. Ал өзге күдіктілердің кейбірі тағылған айыпты мүлде мойындамайтынын, соттан ақтау үкімін шығаруды, кейбірі ішінара мойындайтынын жеткізді.

Сот отырысына жәбірленуші ретінде әскери бөлімнің өкілі, айыпталушылар мен олардың адвокаты және туыстары, прокурорлар қатысты. Қылмыстық іс 40 томнан тұрады.

2020 жылдың ақпан айында №10216 әскери бөлімінің кіші сержанты Абылай Балғынбай «қызмет орнын тастап, өзімен бірге ондаған Калашников автоматы мен Макаров тапаншасын және жүздеген оқ-дәріні алып кеткені» хабарланған. Көп ұзамай күдіктілердің ұсталғаны белгілі болды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG