Accessibility links

Қытайдың лагерьлерді ақтайтын құжаты: 2014-2019 жылдары 7,7 млн шыңжаңдық "кәсіпке баулудан" өткен


Шыңжаңдағы посты бақылап тұрған полицейлер. Шыңжаң, Қытай.
Шыңжаңдағы посты бақылап тұрған полицейлер. Шыңжаң, Қытай.

Қытай билігі 17 қыркүйек күні Шыңжаңдағы "кәсіпке баулу орталықтары" туралы құжат жариялады. Онда 2014-2019 жылдары "орталықтан" жыл сайын 1,3 миллион Шыңжаң тұрғыны өткені айтылады. Құжат АҚШ-тың Қытай тауарларына санкция салуынан үш күн өткен соң жарияланып отыр. Сарапшылар Пекин "саяси тәрбиелеу лагерьлердің" ауқымын жанама түрде алғаш мойындап отыр дейді.

ШЫҢЖАҢДАҒЫ 22 МИЛЛИОН АДАМНЫҢ 7,7 МИЛЛИОНЫ "КӘСІПКЕ БАУЛУДАН" ӨТКЕН

Қытай жаңа құжатында "кәсіпке баулу" жұмыспен табу мүмкіндігін арттырып, кедейшілікпен күресуге ықпал етіп отыр деп мәлімдейді.

"Шыңжаң жаңа дәуірдің талаптарына сай білімі, қабілеті бар инновациялық жұмыс күшін әзірледі" деп жазылған баяндамада.

Құжатта "кәсіпке баулу орталықтарында" шыңжаңдықтарға мандарин тілінде жазу мен сөйлеудің, кәсіби қабілеттердің үйретілгені және "қала өмірі туралы" білім берілгені жазылған. Қытай билігі ауылдан шыққан адамдар осыдан кейін өз кәсібін ашты, зауыттарға жұмысқа орналасты дейді.

Баяндаманың жариялануынан үш күн бұрын АҚШ Қытайдың Шыңжаңдағы заңсыз еңбек күшін пайдаланды деген бес компаниясының мақта-мата, киім-кешек, шашқа арналған заттар мен компьютер құрылғыларын импорттауға тыйым салды. Вашингтон осыған дейін Шыңжаңдағы жағдайға қатысы бар деген компаниялар мен шенеуніктерге бірнеше санкциялар салған.

Әлемдік қауымдастық Қытайды Шыңжаңдағы 1 миллионнан астам ұйғыр мен діні ислам этникалық топтарды саяси лагерьге қамап, адам құқығын өрескел бұзып отыр деп айыптайды. Лагерьде қамауда болып, кейіннен шетелге қашып шыққан азаматтар лагерьлердің кәсіпке баулу орталығы емес екенін, онда түскен адамдардың зорлық-зомбылық көріп, азапталатынын, мәжбүрлі еңбекке жегілетінін айтқан.

Қытай бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, лагерьлерді "кәсіпке баулу орталықтары" деп атап, ол жерде шыңжаңдықтарға қытай тілі мен кәсіби қабілеттер үйретіледі дейді.

Шыңжаңдағы мұсылман әйелдер және қаруланған әскерилер.
Шыңжаңдағы мұсылман әйелдер және қаруланған әскерилер.

"Шыңжаңдағы жұмыспен қамту және еңбек құқығы" деп аталатын құжатта 2014 жылдан бастап 2019 жылға дейін жыл сайын орташа есеппен 1,29 миллион адамға кәсіби қабілеттер үйретілгені айтылады. Олардың қаншасы саяси лагерьде болғаны, қаншасы бағдарламаға екі не одан көп рет қатысқаны белгісіз. Бірақ алты жылдың дерегін қоссақ, "кәсіби баулуға" 7,7 миллион адам қатысқан болып шығады. Шыңжаңда 22 миллион адам тұратынын ескерсек, бұл Қытай билігі ойлап тапқан "орталықтардан" өлке халқының 35 пайызы өткенін білдіреді.

Баяндамаға сәйкес, "орталыққа" тартылып отырған 1,29 миллион адамның 451 400-і Шыңжаңның оңтүстігінен шыққан. Құжатта бұл аймақта кедейшіліктің өршіп тұрғаны, білімнің қолжетімсіздігі және кәсіби қабілеттердің төмендігі айтылады. Қытай билігі мұның себебін шыңжаңдықтарға "экстермистік көзқарастардың" әсер етуімен байланыстырады.

Шыңжаң өлкесі, Хотан аймағы тұрғындарының журналистер мен шенеуніктердің Қытай билігі ұйымдастырған сапары кезінде өнер көсретуі. 5 қаңтар 2019 жыл.
Шыңжаң өлкесі, Хотан аймағы тұрғындарының журналистер мен шенеуніктердің Қытай билігі ұйымдастырған сапары кезінде өнер көсретуі. 5 қаңтар 2019 жыл.

"ҚЫТАЙ САЯСИ ЛАГЕРЬДЕ ҚАНША АДАМ ҰСТАЛҒАНЫН ЖАНАМА ТҮРДЕ АЛҒАШ МОЙЫНДАДЫ"

Ішкі Қытайдың аты-жөнін атамауды жөн көрген сарапшысы гонконгтық South China Morning Post (SCMP) басылымына берген сұхбатында Пекиннің саяси лагерьде қанша адам ұсталғанын алғаш рет "жанама түрде мойындады" деді.

"Қытайдың экстремизмге күрес шараларының 2014 жылы басталғанын ескерсек, "Кәсіпке баулудан 2014 жылдан 2019 жылға дейін аралықта жыл сайын өткен 1,3 миллион адам" Батыс сыншыларының саяси лагерьде ұсталған адамдар жөніндегі санына өте жақын" деп келтіреді басылым сарапшының сөзін.

Тайваньдағы Цинь Хуа ұлттық университетінің Оңтүстік Азия жөніндегі оқытушысы Ши Цзян-ю SCMP басылымына Пекин Шыңжаңдағы "қайта тәрбиелеу" бағдарламасына қанша адам қатысқанын алғаш рет айтып отыр дейді.

"Менің ойымша, құжаттың екпіні өте әлсіз. Ол жай ғана АҚШ-қа "Мен ешнәрсе жасамадым, бір түсініспеушілік болып қалды" деп айтып тұрғандай. Бірақ онда негізгі сұрақ болып отырған мұсылмандарға қарсы мәселелер қамтылмаған. Бір миллионнан астам адамның саяси лагерьге қамалуын "еңбек" және "жұмыспен қамтумен" ақтай алмайсыз" деп келтіреді маманның сөзін SCMP басылымы.

BBC, SCMP, China Daily Asia ақпараты негізінде әзірленді

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG